Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Нұржан Исмағұлов баяндады.
Нұржан Исмағұловтың айтуынша, экономикалық қылмыстардың ерекшелігі мен көлеміне қарамастан, тіркелген оқиғалардың 80 пайыздан астамы электронды форматта. Тергеу жұмыстарының нәтижесінде жүк көліктерін контрабандалық жолмен әкелу схемасы анықталды, 50-ден астам жүк көліктері жалған құжат негізінде тіркеліп, кедендік алымдардан жалтару арқылы 180 млн теңге сомасында залал келтірген. Жалғастырылған жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жүйеге бұрмаланған мәліметтерді қасақана енгізілгені әшкереленді.
«Заңсыз ойын бизнесі, қаржы пирамидалары, әлеуметтік желідегі алдап-арбау сияқты көлеңкелі істе оңай олжаға кенелеміз деп опық жегендер азаяр емес. Заңсыз бизнестің құрбанына айналғандардан басқалар сабақ алмай келеді», – дейді Нұржан Исмағұлов.
Мәселен, құрылғанына ұзақ жыл болса да түрлі қаржы пирамидасына барын беріп, далада қалғандар қатары да аз емес. Мысалы, пайызсыз несие береміз деген желеумен, 3 мыңға жуық инвесторды тартып, оларға 1,5 млрд теңге көлемінде шығын келтірген «Елімай-2019» қаржы пирамидасы. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде пирамида ұйымдастырушылары ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Бұдан бөлек, ойынхана сайты бұғатталып, ұйымдастырушыларға іздеу жарияланды. Нәтижесінде 1,5 млрд теңгенің мүлкі мен қаражаты, қымбат көліктер тәркіленді. Жалпы, соңғы уақытта 50-ге жуық заңсыз ойын орындары мен сауда нүктелері жойылды, 200-ден астам ойын терминалдары мен покер үстелдері заңсыз айналымнан алынды, екі мыңнан астам онлайн ойын алаңдары бұғатталды. Мемлекетке төленбеген салық түріндегі 7 млрд теңгеден астам залал келтірген жалған шот-фактуралар жойылды.
Еске сала кетейік, экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың белгілі фактілері туралы қаржы мониторингі агенттігінің сенім телефонына – 1458 немесе “АФМ Insider” телеграмм боты арқылы хабарласуға болады.