Қонаев қаласында медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Меркелік басқосуда заман талабына сай ел медицинасының дамуы мен азаматтардың денсаулығын жақсарту жолында тер төккен аймақтың ақ халатты абзал жандарына құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиын обыстағы денсаулық сақтау саласының жетістіктері туралы бейнекөрініспен басталды. Сандай деректерге сүйенсек, обыс тұрғындарына 376 медициналық ұйым қызмет көресетеді. Оның 355-і мемлекеттік, ал 21-і жекеменшік нысандар. Аймақтағы медициналық мекемелерде 3000-ға жуық дәрігер мен 10000-нан аса орта медицина қызметкері еңбек етеді. Алғашқы санитарлық көмекті медициналық құралдармен жабдықтау 91,4 пайызға жетсе, былтыр 12 емдеу нысанының құрылыс жұмыстары аяқталған.
Ақ халатты абзал жандардың баға жетпес еңбегін насихаттауды мақсат еткен жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым қатысып, барша жиналған медицина қызметкерлерін құттықтады.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздер еңбек жолдарыңызды адамның ең басты байлығын сақтауға арнадыңыздар. Ол халықтың шексіз алғысына ие мамандықтардың бірі әрі бірегейі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сіздер өз міндеттеріңізді абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленіп жүрсіздер. Ұлт саулығы – басты байлығымыз. Мемлекет денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып, үнемі қолдау көрсетеді» деген сөздері емдеу ісінің ел үшін аса маңызды екендігін айшықтайды. Сіздер күн сайын адамдардың өмірін сақтап, денсаулығын қалпына келтіруге көмектесіп келе жатырсыздар. Маңызды әрі өлшеусіз еңбек етіп жүрген барлық қызметкерлердің ерлігі ең жоғары мақтауға лайық, – деді Нұрлан Ерғалиұлы.
Ізінше Нұрлан Әбдірахым елеулі еңбегімен үлгі бола білген, адал атқарған қызметімен үздік деп танылған дәрігерлер мен медицина саласындағы түрлі мамандарға Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыстады. Жиын барысында 12 номинация бойынша осы жылдың ең үздік медицина қызметкерлері марапатталды.
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының босану бөлімінің меңгерушісі Гулжахан Жұмадуллаева «Үздік стационар дәрігері» атанды. Облыстық балалар клиникалық ауруханасының онкогематология бөлімінің меңгерушісі Меруерт Жұмабаеваға «Үздік стационар дәрігері» номинациясы берілді. Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының терапевт дәрігері Гүлнұр Қабиева «Алғашқы медициналық санитарлық көмектің үздік дәрігері» номинациясына ие болды. Дидар Баудағұлов «Үздік жедел жәрдем дәрігері», Гүлфайруз Мұхаметова «Үздік ауыл дәрігері», Елена Курочкина «Үздік провизор», Есхат Жантоков «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджері» атанды. Сондай-ақ Hесіпжамал Cерікбайқызы, Гүлзар Әбдікерімқызы, Мақпал Кеңесбекқызы, Ғалия Бейсенқызы, Жарқын Мергенбек сынды білікті мамандар «2024 жылдың үздік медицина қызметкері» байқауының жеңімпаздары атанды. Денсаулық сақтау саласындағы жемісті еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары берілді. Сонымен қоса, елеулі еңбек еткен емдеу қызметкерлері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілеріне ие болды. Еңбек ардагері Өмірғали Кенжебеков сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, ұзақ жыл адам өміріне арашашы болған дәрігерлерге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін табыстады. Өзінің кәсіби біліктілігін көрсеткен медицина қызметкерлері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының Алғыс хаттарын алды. Осылайша, «Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» деп бағаланды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Ерзат Асыл,
Қонаев қаласы