Райымбек ауданы Шалкөде ауылының тумасы Назерке Дәулетжан Ақтау қаласында өткен жауынгерлік самбодан жастар арасында Азия және Океания чемпионы атанды. Ел мерейін үстем еткен спортшы қыздың жеңісі баршаны сүйіндірді.
Назерке Шалкөде орта мектебін 2022 жылы бітіріп, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне оқуға түскен. Бүгінде 2-курс студенті. Отбасында 4 баланың кенжесі. Әкесі Дәулетжан Ыбырайымқұлов пен анасы Гүлбану Өмірғалиева қызының таңдауына әркез қолдау көрсетіп, перзенттерін үлгі тұтты.
Назерке дзюдо күресімен 2019 жылдан бері айналысып келеді. Тараз қаласындағы республикалық чемпионатта жауынгерлік самбодан 65 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын, Қарағанды, Павлодар, Семей қалаларында өткен ел чемпионатында екінші орын алды. Жиырма жасар Назеркенің жетістіктерін санай берсек, жетіп артылады. Енді міне, ол тағы да бір биік белесті бағындырды. Азия және Океания чемпионы болды.
Спортшының бағы жанса, бабының келіскені. Назерке жеңіске жету жолында бапкерлердің ерен еңбегін ерекше бағалайды. Алғашқы жаттықтырушысы – Еңлік Қанатбекқызы. Дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері. Халықаралық турнирлердің жеңімпазы. 2018 жылы Шалкөде ауылына келін болып түскен. Қазіргі таңда 3 баланың анасы. Отбасылы болған соң шәкірт тәрбиелеуді қолға алып, спорт саласына жаттықтырушы ретінде оралған.
«Назерке – менің ең алғашқы шәкіртім. Оған ата-анасы өте жақсы тәрбие берген. Қанағатшыл, төзімді, берілген тапсырманы аса ыждахаттылықпен орындайды. Қандай жарыстан орын алса да бірінші өзіме хабарласып, «Апай, сіздің арқаңыз» деп алғысын білдіріп жатады. Назеркемнің қазіргі жаттықтырушысы – менің алғашқы бапкерім Жомарт Сағындықов, – дейді Еңлік Қанатбекқызы.
Нәзіктік пен батылдықты шебер ұштастырған спортшы қыздың жеңісті күндері көп болсын!
Ақерке Бижан,
Райымбек ауданы