Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы №3 Илья Молутов атындағы білім шаңырағының еліміздегі 100 үздік олимпиадалық мектептер қатарына кіргенін сүйіншілеген едік. Енді міне, қуанышымызды еселеген тағы бір жаңалық жарқ ете қалды. Шонжы ауылындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Сымбат Қанатқызы еліміз бойынша 100 дарынды оқушының қатарына қосылды.
Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш, зор мәртебе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласын дарынды жастардың арасында кеңінен насихаттау, жастардың бойында инновациялық идеяларын арттыру, ғылыми, шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында өткен «Әділетті Қазақстанның 100 дарынды оқушысы» атты республикалық форумына қатысып, жеңімпаз атанғаны үшін Сымбат Қанатқызы бірінші дәрежелі диплом мен арнайы төсбелгісін кеудесіне қадады. Ізденімпаз, әрдайым білсем, көрсем деп талаптанып жүретін оқушының бұл жетістігі тек мектебі үшін ғана емес, аудан үшін үлкен жетістік.
Талантты адам барлық жағынан талантты болады деген тәмсіл бар. Сымбат сурет салуды да жаны сүйеді. Ол жуырда ғана Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай «Ә.Қастеев әлемі» атты 11-13 жасар оқушылар арасындағы республикалық сурет көрме-байқауына қатысып, жүлделі ІІІ орын алды. Сымбаттың білімімен әлі талай жарыста оза шабатынына сеніміміз зор.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы