Жамбыл ауданының Қарабастау ауылы маңындағы «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының Сапар-орталығында «Түркі халықтарының рухани құндылықтары мен мәдени мұрасы» тақырыбында Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінің археологтары мен тарихшылары қатысты.
Алқалы жиын «Таңбалы» ескерткіштерінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени мұра тізіміне енгізілгеніне 20 жыл толуына орайластырылды. Ашылу салтанатындағы құттықтауында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев тарихи мұраны сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммитіндегі сөзін еске салды.
– Президентіміз: «Түркі әлемінің өркениеті Ұлы даладан бастау алатыны баршаға мәлім. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі. Түркі ықпалдастығын тереңдету ортақ мұрат» деген болатын, – деген Мәлік Нұржанұлы тарихи сананы жаңғырту мақсатында биыл Қазақстанда бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланғанын, соның бастысының бірі Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өту екенін жеткізді.
Бірнеше елдің жетекші түркітанушы мамандарының басын қосқан іс-шара Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының бастамасымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы облысы әкімдігінің, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының қолдауымен ұйымдастырылған.
– Конференцияның маңызы өте үлкен. Өйткені тарихи-мәдени құндылықтарымызды сақтап қалу, дәріптеу және халықаралық деңгейде паш ету тарихи-мәдени мұра саласындағы маңызды міндеттеріміздің бірі. Сондықтан осы шараға халықаралық деңгейдегі көптеген ғалымдар келді, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің басшысы Күміс Сейітова. Конференцияға сондай-ақ Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев қатысты.
Шара аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қолдауымен құрылған Реставраторлар мен тарихшы-сәулетшілердің консультативтік кеңесінің бірінші отырысы өтті. Түркі мәдениеті мен мұрасын түркі әлемі елдерінде де, одан тыс жерлерде де сақтау, қорғау және ілгерілету мақсатындағы кездесудің ерекшелігін шетелдік реставраторлар баса айтып, бұл болашақта жүзеге асырылатын үлкен бастамалардың алғашқы жетістігі екенін атап өтті. Өзбекстан Республикасының «Жібек жолы» халықаралық зерттеулер институтының директоры Мавлюда Юсупова жәдігерді қалпына келтіру жұмысының маңыздылығы туралы пікірін былайша білдірді:
– Қазіргі мамандар реставрация саласын толық меңгермеген. Бұл дұрыс емес. Өйткені реставрация – өте нәзік сала. Оны білу үшін маман ең алдымен сәулетші болуы керек. Архитекторлық оқуды бітірген соң бес жыл реставрация саласын міндетті түрде оқып, зерттеуі қажет. Білім аламын деген жанға мүмкіндік көп. Қазір басшылықта отырған жастар осыны түсінбей жатыр. Бұл салғырт қарайтын дүние емес. Мұның барлығы жылдар бойы тәжірибе арқылы келеді, – деді.
Үш күнге созылған шара аясында 30-ға жуық тарихшы мен археолог түркі мәдени мұрасының зерттелуі тақырыбын қозғап, жалпы Түркі мұраларын сақтау мен қалпына келтіру жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады. Өңірлік ынтымақтастықтың алдағы перспективалары көзделіп, тәжірибе алмасты. Нәтижесінде әр елдің түркітанушы ғалымдарының 23
мақаласынан құралған жинақ жарық көрді. «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының сапар-орталығында жартас суреттері бойынша ғылыми-реставрациялық зертханасы салтанатты жағдайда ашылды. Зертхана сынған немесе бүлінген жартас суреттеріне консервация және қалпына келтіру жұмыстарын, сараптама жасауға арналған. Зертхананың ашылуына «Остров Крым» ғылыми-қалпына келтіру зертханасының директоры Қырым Алтынбеков қолдау көрсеткен.
Конференция барысында «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры Бибігүл Дәндіқараева мен Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігі «Гобустан» тарихи-көркем музей-қорығының директоры Исаев Вугар Руфат оглы өзара Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум шеңберінде екі жақ бірлесе қолға алатын ғылыми-тәжірибелік жұмыстар мен жобалар, көрме ұйымдастыру, ақпарат алмасу, музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жайы талқыланды.
Шараға қатысушылар Алматы, Жамбыл облыстарының аумағындағы қорық-мұражайларға саяхаттап, «Сақ қорғандары», «Есік», «Құлан қалашығы», «Алмалы» сияқты тарихи орындарды аралап көрді.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы