Балаға білім беріп, бойына тәрбие мен тәлім дәнегін себетін, өмірде өз орнын тауып, кірпіш болып қалануына бағыт-бағдар болатын – алтын ұя мектебі. Демек, орта білім беру жүйесіне, мектеп пен мұғалімге көп жауапкершілік жүктелген.
Бұл жауапкершілікті Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылындағы А.Жексембеков атындағы орта мектеп ұжымы биыл да үлкен абыроймен атқарып шықты. Олай деуге себеп көп, әрі ішіндегі маңыздысы – білім ордасынан үш «Алтын белгі» иегерінің шығуы.
2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша Абыхан Жексембеков атындағы мектепте барлығы 562 оқушы білім алып, 33 түлек түлеп ұшты. Оның ішінде үш оқушы «Алтын белгі» төсбелісінің иегері атанса, екі оқушы үздік аттестатпен білім деңгейін көрсетті. Бұл – әрине, балалардың білімге деген зор құлшынысы мен талпынысының тамаша көрінісі. Сонымен қатар ұстаздардың қажырлы еңбегі мен жоғары біліктілігінің де көрсеткіші. Қарапайым ауыл мектебіндегі бұл қуаныш еліміздегі білім саласына жасалып жатқан жағдайдан да хабар береді. Бүгінде мектептерді толыққанды жабдықтап, техникалық базасын нығайтуға, сонымен қатар оқушылардың кедергісіз, әрі сапалы білім алуына көп көңіл бөлінген. Білімді жастар еліміздің жарқын болашағы боларын ескерсек, аталған жұмыстардың ертеңгі күні берер жемісі де мол екені сөзсіз.
Құралай Мұратқызы