Қонаев қаласындағы «Alatau Hub» орталығында мемлекет пен қоғам арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыру мақсатында дөңгелек үстел өтті. Мемлекеттік қызметкерлер қатысқан шарада «Intellect 7G-эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің авторлық бағдарламалары таныстырылды.
Кездесуде «Intellect 7G-эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, кәсіби психолог Маржан Еліқұлова «Жігер» және «Шайқалмаған шаңырақ» жобалаларын таныстырды. Оның сөзінше, аталған бастамалар отбасылық жанжалдардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және соның негізінде жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған.
– «Шайқалмаған шаңырақ» атты жобамыз Жамбыл облысында пилоттық режимде іске асырылуда. Жобаның мақсаты – шайқалмайтын шаңырақ, яғни тұрақты отбасы моделін қалыптастыру. Жобаны іске асырудағы міндетіміз – қазақтың төл мәдениетіне сай жастарды неке мұратына ынталандыру, шаңырақ көтеру, тұрмыс құру қағидасын ұстануға баулу. Некенің беріктігі ерлі-зайыптылардың дүниетанымдық дағдыларына байланысты болғандықтан, құдалық институтын қалыптастыру. Осы орайда отбасының алғашқы қалыптасу кезеңінде кәсіби психологиялық кеңес беру, құрсақ тәлімінен бастап, әрбір тәрбие кезеңдері бойынша ата-аналардың сауатын ашу көзделген. Осы орайда әрбір жас отбасына, ата-аналарға қолжетімді психологиялық қызмет көрсетіледі, – дейді Маржан Еліқұлова.
Кездесуге қатысушылар жоба тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын жедел кесуге және жәбірленушілер үшін қауіпсіз жағдайлар тудыруға, оларға қажетті медициналық, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмектің өзге де түрлерін көрсетуге ықпал ететінін айтты. Әсіресе, денсулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының өкілдері өз ойларын ортаға салып, «Intellect 7G-эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің игі бастамасына қолдау білдіретінін жеткізді. Ұйымдастырушылар өз жобаларын Алматы облысында іске асыру үшін бірқатар басқармалармен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендіктерін айтты. Бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтар негізіндегі отбасы институтын құру мәселесін сан мәрте тілге тиек еткен еді. Енді бұл түйінге де қоғам тарапынан қозғау салына бастады.
Ерзат Асыл,
Қонаев қаласы