Қарғалы ауылы – Жамбыл ауданындағы сұлулығы көз тартатын әсем табиғатымен ел аузынан түспей, ықылым заманнан бері аңыз-әңгімелерге арқау болған қасиетті мекен. Бұл жерде жыр дүлдүлі атанған ақын Үмбетәлі Кәрібаев, атақты кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев, Қазақстанның Халық әртісі, атақты композитор Әсет Бейсеуов дүние есігін ашқан.
Ұлы жырау Жамбыл Жабаев:
Ұзынағаш, Қарғалы!
Мен де жүрмін барғалы.
Бара алмаған жігіттің,
Ішінде жүр арманы, – деп,
ғашығы Бұрым қызды армандап, жас жүрегі аһ ұрғанын көзі қарақты, көңілі ояу Қожамқұл Бейсеуов (Әсетті тәрбиелеп өсірген), Есенаман Байнайманов секілді ауыл қарияларынан сонау 60-жылдары естіген едім. Міне, сол Қарғалыда туып-өсіп, ауылдың көркеюіне көп үлес қосқан ауыл азаматы Исламжан Иминовты дүниенің алты құрлығын түгел шарлаған әлемдік жиһанкез болады деп кім ойлаған?!
Ол 131 мемлекетті аралапты. Сол елдердің әдет-ғұрпын, әйгілі тарихи ғимараттарын суреттеп, сонда туып өскен ғалым, мүсінші, ақындарына дейін түгендеп шығу оңай шаруа емес. Соның бәрін сипаттап жазып, түсірген суреттерін папкілерге тиянақтап салу – Исламжанның өзіне тән ұқыптылығы. Бұл деген – әлемдік аренаға енді-енді шығып, көзі ашыла бастаған білімді жастарымызға құнды жәдігер, энциклопедиялық дүние десе де болады. Құнды папкілер кітап сөресінде қыздың жиған жүгіндей тізіліп тұр. Төрт бөлмелі үйінің барлық қабырғасына жабыстырылған сол елдерден алып келген кәдесыйлар көздің жауын алады. Әрқайсысы шебер қолдан шыққандығын дәлелдеп тұр. Әсемдігі бірінен бірі өтеді.
Исламжанның әкесі, марқұм Әбдіқадыр да сонау Құлжа мен Қытайдан бастап, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ресей жерлерін талай шарлаған екен. 30-жылдары Бұқарадағы діни медресені бітіріп, мешіттерде имам болып жүрген жерінен “дін апиын” деп сауысқанша шырылдайтын қызыл империя құзғындары тыныштық бермей, әзиз басын қаңбақша домалатады. Соның бәріне шыдап, балаларын тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай өсіріп, бәрінің жоғарғы білім алуына жағдай жасайды.
Өткен ғасырдағы 40-шы жылдары Қарғалыдағы Сәт болыс салдырған мешітке Кремльдің төрінде намаз оқыған Жамбыл да жиі келеді екен. Әбдіқадыр имамды өзінің жақынындай көріп кетеді. Тиісті орындарға айтып, имамға тиіспеуді өтінеді. Сөйтіп Жамбылдың арқасында қуғындаудан құтылады. Ұлы жыраудың о дүниеге аттанар алдында менің жаназамды Әбдіқадыр молда шығарсын деп өтінгені тегін болмаса керек.
Әбдіқадырдың имамдықтан айырылып, Қарғалы шұға камбинатында қара жұмыста жүргенін көріп қалған директор Әнуарбек Жұрынов: “Сіздей білікті адамға қара жұмыста жүрген жараспайды, жер бөліп берейік, базар ашыңыз”, – деп Қарғалы өзені жанындағы казіргі үлкен базардың ашылуына пәрмен бергенін ел жақсы біледі. Өмірінің соңына дейін Әбдіқадыр ақсақал сол базарға басшылық етті. Балаларының бәрі Қарғалы ауылында әртүрлі қызметтерді абыроймен атқарды. Үлкен ұлы Иминжан Қарғалы шұға комбинатында бас энергетик, ортаншысы Исмайлжан Құдыс Әбсеметов атындағы орта мектепте директор болып қызмет етті. Ең кіші ұлы Исламжан Алматыда бір туристік компанияның директоры.
Исламжанның қазақ десе елеңдеп тұратын Мадияр (Венгрия) еліне барған сапары жөніндегі жазбасы өте қызық. «Олар ата жұрты – қазақ даласын мақтан тұтады екен. Сондықтан қазақты көрсе туғанындай қарсы алып, кең дастархан жаюды дәстүрге айналдырыпты. Отыз мыңға жуық Қарсақ (қазақ деп те ұғыныңыз) қаласының тұрғындары мерекеде қыз қуу, жамбы ату, бәйге жарыстыру және тағы басқа қазақи дәстүрлерді әлі күнге дейін жалғастырып келеді. Жазда киіз үйде тұрып, бүркіт ұстап, тазы жүгіртуді де ұмытпаған. Ал атақты венгр ғалымы Иштван қоңыр Мондоки жайлы деректі мен сонда болғанда естідім», – дейді Исламжан, – Оның зайыбы Оңайша Мақсұмқызы қазақ қызы екен. Екеуі 1978 жылы Алматыда танысыпты. Шаңырақ көтеруіне Олжас Сүлейменов себепші болыпты. Жары қайтыс боларының алдында, мені қазақ жеріне апарып қойыңдар! – дегенін де мен сол жақтан естідім. Оңайша уәдесінде тұрып жарын Алматыдағы Кеңсайға қойыпты.
Исламжан мына бір жайды да қызыға еске алады. «
Ұлт көсемі болған генерал Броз Титоны хорват елі ауыздарынан тастамайды. Ол қазақ жерінде он шақты жыл тұрып, қазақ тілі мен әніне ғашық болған екен. Жасы тоқсаннан асқан бір ақсақалдың аузынан соғыс жылдары Броз Титоның әскерінің құрамында болғанын, генерал қолға түскен қазақ жауынгерлеріне әкесіндей қамқорлық танытқанын әңгімелеген еді», – дейді Исламжан.
Исламжанның жиһанкездік «ауруы» қай кезеңнен басталғанын сұрағанымызда: «Мен Ақмаралға 1987 жылы үйлендім. Бал айын Москва мен Ленинградқа барудан бастадық. Ондағы патша сарайы, Петр 1-нің ғажайып ескерткіші, сиқырлы фонтандары, Пушкин оқыған лицей, янтарь сарайы, тағы басқа толып жатқан тамаша ғимараттарға қарап тамсандым. Елге барған соң дүние жүзінің осындай көрікті жерлерін аралауым, көруім керек деп түйдім. Мұны марқұм болған Ақмаралым да қостады. Осылай жиһанкез атанып кеттім» – деп күлді Исламжан.
Ол айтқан сөзінде тұрып, бүгінге дейін әлемнің 131 елінде болып 2000-ға жуық қаланың қақпасын қағады. Алты материкті түгел аралайды. Параходпен, тік ұшақпен, ұшақпен, пойызбен шарлап, мұхиттар мен теңіздерді, шөл дала мен құмды жерлерді, ормандар мен тропикаларды, джунглилерді, тайгаларды басып өтіп, олардың бәрін суретке түсіріп, қысқаша сипаттама беруді де ұмытпаған. Ол елдердің территориясын зерттеп, театрлары мен музейлерін, стадиондарын аралап көріп, олар жөнінде де мәліметтер жинайды. Мая халқы мен Перу елінің таңғажайып ғимараттарының сұлулығына үңіледі. Мұның бәрін электронды кітабында жариялайды.
Германияда 15 жыл тұрып, ондағы халықпен етене араласады. Әдеттегідей ол елдің мәдениеті мен әдебиеті, ежелгі ғимараттары, әдеп-ғұрпы мен салт-дәтүрлерін егжей-тегжейлі жазып алады. Көбірек араласқандары – Қазақстаннан көшіп келген немістер. Олар жиын- тойларына Исламжанды жиі шақырады.
Бір қызығы өзімізден барған немістер ет асып, қазы-қарта қойып, тоқаш пісіріп, тіпті кейде қазақтың ұлттық киімдерін де киіп жүреді екен. Әндері де, билері де қазақша. Соңынан қазақша бата да береді.
Исламжан Қарғалы ауылында туып өскенін мақтан етеді. “ Дүние жүзін аралап жүрсем де дәл осындай көзіме ыстық көрінетін жерді кездестірмедім. Өзіне магнитше тартып тұрады. Өйткені жастық шағым осында өтті. Әке-шешем осы жерде жер қойнында жатыр. Университетті бітірген соң да мамандығым бойынша көп жыл комбинатта қызмет еттім. Әлемге сапарымды осы жерден бастадым. Қазіргі таңда «Wokrug Sveta» атты туристік компанияның директорымын. Алға қойған жоспарларымыз да көп. Инвестор тауып Қарғалының бұрынғы комбинат тұрған жеріне туристік база салып, оны көркейтіп, әлемге танытсақ деген ойымыз бар. Бұған жергілікті басшылар қуанбаса, ренжи қоймас деп ойлаймын. Бұл ауыл халқының да игілігіне айналар еді” – деген арманын да жайып салды Исламжан. Оның армандаған игілікті ісін біз қостадық, ауыл да қостады. Қазір Исламжан сонау Африкадағы Кения елінде жүр. Бұл оның сапарлаған жүз отыз екінші елі болмақ.
Тұрсынбек Ешенқұлов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы