Қонаев қалалық әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде келелі 6 мәселе қаралып, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік істер талқыланды. Департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Арсен Жақыповтың жетекшілігімен өткен жиында жауапкершіліктің жалпыға ортақ екені айтылып, мемлекеттік қызметкерлердің ел үшін еңбек етуі басты міндет екені тілге тиек болды.
Алғашқы мәселе ретінде Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаевтың тәртіптік ісі қаралды. Тәртіптік шара бойынша әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының бас маманы Әмір Имангелдінов баяндама жасап, аталмыш істің егжей-тегжейлі зерттелгенін тілге тиек етті. Мемлекеттік қызметкерлердің құқықбұзушылықтары туралы жарияланған сын мақалаларға және басқа да ақпараттық материалдарға мониторинг жүргізу барысында әлеуметтік желілерде Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Өмірханұлы қызметтік міндеттерін атқару кезінде әдеп нормаларын бұзғаны байқалған. Әмір Серікбайұлы әдеп кеңесінің назарына іліккен Талған ауданы әкімінің орынбасарына қатысты жайттың жай-жапсарын жеткізіп, мәселені толық баяндады. Орын алған олқылықты талқыға салған әдеп кеңесінің мүшелері Оразхан Қаспақбаевқа қатысты тәртіптік істі қарау қорытындысы бойынша Әдеп кодексінің 6-тармағының 4,5-тармақшаларын бұзғаны үшін аталмыш мемлекеттік қызметкерге сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Еңбекшіқазақ ауданы Масақ ауылдық округінің әкімі Руслан Жақабайға қатысты тәртіптік іс қаралды. Кеңес мүшелері Руслан Рыскелдіұлына қатысты жеке және заңды тұлғаларға құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасау түріндегі мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық белгілерінің болмауына байланысты тәртіптік істі тоқтату туралы шешім шығарды.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтың алдын алу бойынша Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ертай Нұрмаханов баяндама жасады. Сондай-ақ ол Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі жүргізген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелерін жария етті. Келесі сөз кезегін алған Еңбекшіқазақ ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Мақат Мемелбеков баяндама жасап, атқарған қызметтері жайлы сөз қозғады.
Кеңес отырысын қорытындылаған Арсен Жақыпов мемлекеттік қызметкерлерге қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында анықталған жағымсыз материалдарға жүргізілген талдау нәтижелерін қарап, алдағы уақытта мұндай олқылыққа жол бермеуге шақырды. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің ел алдындағы жауапкершілікті жіті сезініп, жұртшылықпен тіл табысып жұмыс жасауы керектігін алға тартты.
Құралбек Сәбитов,
Қонаев қаласы