Облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Нұрлан Әбдірахым ашып, жүргізіп отырды.
Басқосуда алғашқы сөз кезегі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамытқа берілді.
– Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес – саясатымыздағы негізгі басымдықтың бірі. Бұл мәселе әрдайым Мемлекет басшысының қатаң бақылауында. Биыл департамент тарапынан осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. Жыл басынан бері 47 қылмыс тіркелді. Оның 1-еуі – білім беру саласындағы жүйелі сыбайлас жемқорлық, 6-уы – пара алу, 8-і пара беру және 2-еуі – парақорлыққа делдал болу. Бес айдың қорытындысы бойынша 2 су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану және сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, спорт және халықты әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 2 сыртқы талдау жүргіздік. Нәтижесінде халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласында 26 млн теңгеден астам артық жалақыны есептеу арқылы бюджет қаражатын ұрлау дерегі анықталды. Іс жүзінде жұмыс істемейтін 10 адамға жалақы төленген. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері 43 адамға 44,3 млн теңгеден астам атаулы әлеуметтік көмекті негізсіз тағайындаған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды және зейнеткерлік жастағы адамдарды мүгедектігі бар тұлғаның жеке көмекшісі ретінде тіркеп, 20 млн теңгеден астам ақша заңсыз төленіп келген. Талдау қорытындысы бойынша департамент белгілі бір саладағы сыбайлас жемқорлық қатерін жоюға бағытталған тиісті ұсынымдар әзірлейді. Алайда бүгінгі жағдай бойынша мемлекеттік органдар ұсыныстарды орындамаған, – деді департамент басшысының бірінші орынбасары. Ол 5 айда 8 тұлғаның әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айта келе, сатып алуларды жоспарлаған кезде қаражатты үнемдеуді және тиімсіз жұмсалуының алдын алу керегін қаперге салды. Баяндамашының айтуынша, облыста кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша «Бизнеске жол» жобасын іске асыру басталғаннан бері 2 мыңға жуық бизнес субъектілерінің қатысуымен 76 жұмыс кездесуі өткізіліп, 8 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалған. Сөзінің соңында Айдос Жанұзақұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстың қарқынды жүріп жатқанын, оның ортақ міндет екенін айтып, баршаны осы бағытта күш-жігерді біріктіруге шақырды.
Келесі кезекте облыстың кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Айбол Рахымбаев сөз алып, өңірде маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша сөз алған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Райымбек ауданы Жамбыл ауылындағы Мәдениет үйінің құрылыс жүргізу мерзімдерінің бұзылуы жайын әңгіме арқауына айналдырды.
Жиын соңында комиссия мүшелері баяндамашыларға сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы