Биыл Қонаев қаласы маңындағы тоғандарда су деңгейінің көтерілуіне байланысты маса мен шіркей тым көбейіп кеткен. Бүгінде олардың санын азайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қалада маса, құмытыға қарсы дәрі шашуды ТҮКШ бөлімі, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы (СЭББ), «Жасыл қала Қонаев» мекемесі бірігіп атқаруда.
Тарқатып айтсақ, СЭББ аумағы 70 га болатын 60 анофелогенді су қоймаларында дезинсекция жүргізеді. Сәуір айынан бастап осы уақытқа дейін оның 3 кезеңі өтті, ал қыркүйек айының соңына дейін тағы 3 кезең өткізу жоспарлануда. Өңдеу үшін қолдануға рұқсат етілген және ҚР аумағында тіркелген инсектицидтік құралдар пайдаланылады. Бұл кезде мал, құс жаюға болмайды.
Ал қалалық ТҮКШ бөлімі жалпы аумағы 1 га болатын барлық жертөлелерді дезинсекциялап шықты.
Сондай-ақ «Жасыл қала Қонаев» мекемесі парктер, скверлер, су қоймасы аймағы, ашық жерде орналасқан қамыстардың арасын дәрілеп жатыр. Бұл жұмыстар СЭББ дезинсекциясынан тірі қалған маса мен шіркейлердің санын азайту үшін жасалады.
Қонаев қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі