Райымбек ауданында көптен күткен жаңа аурухана ғимараты салынуда. Халықтың қуанышында шек жоқ. Аудан тұрғындары аурухананың пайдалануға берілер күнін асыға күтуде.
Біз де халық игілігі үшін салынып жатқан жаңа аурухана ғимаратына аяқ басып, құрылыс барысымен танысып қайттық. Онда қызу жұмыс жүріп жатқаны бірден көзге түсті. Бұл туралы баяндаған бригадир Ерік Қаниев 2022 жылдың маусым айында басталған құрылыста бүгінде 40 адам жұмыс атқарып жатқанын айтты. Құрылысшылардың басым бөлігі – осы аудан тұрғындары. Өз игіліктеріне арналған ғимарат құрылысын мейлінше сапалы жүргізуге олар бар күш-жігерін салуда.
Аурухана сыйымдылығы 250 адамға есептелген. Жоба құны 4 млрд 105 млн теңгені құрайды. Құрылысқа жауапты – «Өмірзақ» ЖШС. Ғимарат тиісінше сапалы құрылыс материалдарымен салынуда. Қызыл кірпіштен бой көтерген ғимарат 4 қабатты, ішінде 3 жеделсаты жұмыс істейді. Заманауи үлгіде салынып жатқан ғимараттың ішіндегі сылақ жұмысы аяқталуда. Сонымен қатар, аурухана құрылысы әр кабинеттің ерекшеліктеріне орай жасалып жатқанына көз жеткіздік. Мәселен, рентген кабинеті сәулелердің сыртқа шықпауы мақсатында арнайы сыланған.
Бір айта кетерлігі, бүгінде ғимараттың құрылыс жұмысы едәуір кешеуілдеп жатыр. Оған себеп, құрылыс материалдарының қымбаттап, нәтижесінде жобаның қайтадан түзетуден өтуі. Бригадирдің айтуынша, құрылыста қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Барлық санитарлық ереже мен талапқа сай. Бұл ретте құрылысшылардың өмір қауіпсіздігі бәрінен маңызды екенін ерекше айта кеткен жөн. Құрылыс нысаны «АMANAT» партиясының бақылауында.
Ғимарат маңында арнайы екі үлкен су қоймасының да құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл қосымша салынып жатқан су қоймалары қандай да бір апатты жағдайда аурухана ғимаратының суға мұқтаждығын шешетін болады. Бұған қоса, ғимарат маңынан көлік тұрағы да қарастырылған.
Ауруханада көптеген заманауи құрылғылардың болмауы салдарынан емделушілердің көпшілігі Алматы қаласына ағылып жататыны белгілі. Жаңа аурухана іске қосылғанда, заманауи апараттар келеді деген үміттеміз. Жаңа ғимарат аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлеріне жайлы әрі заманауи қызмет ететініне сенеміз.
Ақерке Бижан,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Райымбек ауданы