Алматыдағы әйдік сауда орындарының бірінде жасы шамамен жетпістен асқан ақ жаулықты ананың немересіндей балаларға жалына үн қатқанын естіп қалдым.
Көңіл аудара тыңдасам, сауда үйі ішіндегі кафелердің бірінен орын таппаған кейуана аяқтарын көкке көтере жайбарақат отырған 4 жасөспірім баладан орын сұрап тұр екен. «Балам, немереммен отырып бір кесе шай ішіп алайын деп едім. Мұнда сендер жай отыр екенсіңдер, орын бересіңдер ме» дейді жалына. Әлгі 14-15 жастағы мектеп жасындағы балалар кейуананның сөзіне құлақ асқан жоқ. Тіпті мазақтап тұр. Шыдамастан жетіп бардым. Мені танымаса да ыза болғанымды аңғарса керек, әлгі ана «Қызым, бұларға сөз өтпейді, қоя сала ғой» деп мені тоқтата қалды. Ақыры әлгі апаның аузынан «пожалуйста» деген сөзді бірнеше рет естіген соң ғана балалар орындарынан ырғала-жырғала көтерілді. «Мұнымыз ұят болды-ау» деп тұрған бірі жоқ. Анасы мен әкесінен де әлдеқайда үлкен жанға өтінемін деген сөз айтқызғанына мәз.
Үлкеннің алдын қия баспайтын қазақтың ұл-қызының жұрнағы да қалмаған ба деп тіксінесің. Мөңке бидің:
«Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады», – деген сөзі осындайда еріксіз еске оралады. Ұрпағым ұлағатты болсын, ұлан-асыр даласы, данышпан баласы болсын деп армандап, өнегелі өсиет қалдырған бабалардың аруағы алдында қалай ғана ақталар екенбіз? Атадан өсиет кеткен, баладан қасиет кеткен заманда өмір сүріп жатқанымыз қандай қасірет десеңізші. Иә, қасірет…
Анар Дүйсенбайқызы