Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Алматы облысында медициналық ұйымдарды қаржыландыру» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Онда облыстық әлеуметтік сақтандыру қорының директоры Тілеухан Әбілдаев баяндама жасады.
Оның айтуынша, биыл медициналық ұйымдарды қаржыландыру ақпан айынан басталған. Маусым айында бұған дейін алған алдын ала төлемдерді ескеріп, 52 медициналық ұйымға 1 897,9 млн теңге қаржы жіберілген.
– Жыл басында медициналық ұйымдарға әдеттегідей 30 пайыз мөлшерінде аванс берілді. 71 медициналық ұйымға 47 377,84 млн теңгеге алдын ала төлем жіберілді. Қажеттіліктің болмауына байланысты аванс алудан бас тартқандар да бар. Берілген аванстар ай сайын нақты көлемдерден шегеріліп отырады. Жыл басынан бері қаржыландыру көлемі амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қосқанда 49 275,8 млн теңгені құрады, – деді спикер.
Статистика жөніндегі агенттіктің мәліметіне сәйкес, аймақ бойынша халық саны 1 540 567 адамды құраған. Сақтандырылған халық саны 1138 726 адам болса, олардың 70 пайызға жуығы жеңілдік санатына жатады. Бұл азаматтар үшін мемлекеттен жарна төленеді. Оларға балалар, зейнеткерлер мен мүгедектер жатады. Сондай-ақ сақтандырылмаған 401 841 тұрғын бар.
Жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындардың төлемі ең төменгі жалақы мөлшеріне сай өзгеріп отырады. Биыл жеке кәсіпкерлер үшін МӘМС мөлшері 5950 теңге, өзін-өзі жұмыспен қамтитындар үшін 4250 теңгені құраған.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА