Талғар аудандық Мәдениет үйінде Әкелер күні мерекесіне арналған тағылымды шара өтті. Оған Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева, үлгілі ұл-қыз тәрбиелеп отырған әкелер, қоғам белсенділері қатысты.
Өткен жылы 2 маусымда Үкіметтің қаулысы қабылданып, мамыр айының екінші жексенбісінде Аналар күні, ал маусым айының үшінші жексенбісінде Әкелер күні ресми түрде мереке ретінде атап өтілетін жаңа дәстүр бастау алды.
Бұл мерекелерді жалпы жұрт болып тойлау – өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, ұлттың жарқын келешегін қалыптастыруға әсер ететіні сөзсіз. Әсіресе қазіргідей жалпыадамзаттық құндылықтардың қадірі кеміп, адами жақсы қасиеттер күннен-күнге азайып бара жатқан заманда ұрпақ бойында ата-анаға деген лайықты құрмет пен перзенттік сүйіспеншілік сезімдерін нығайтудың мәні өте зор. Өйткені кез келген қауымдастық, мемлекеттің негізі отбасы десек, осы шағын ұжымдағы өзара қарым-қатынас, ізет-құрмет, тәлім-тәрбие, білім-білік – әлемдік бірлік пен тату тірліктің, барлық ізгі ниет пен өркениетті дамудың қайнар көзі, ең асыл адами мұраттың нағыз өзі екені даусыз! Егер ардақты аналарымызды – өмірдің тұтқасы десек, асыл әкелеріміз – ұрпақтың, ұлттың, бәріміздің оттан да ыстық ортақ Отанымыздың қорғаны екені даусыз!
Жиында сөз алған қала әкімі Бақыт Күрішбаев шара қатысушыларын мерекемен құттықтап, орамал тон болмайды, жол болады дегендей, үлгілі ұрпақ тәрбиелеп отырған оншақты азаматқа Алғыс хат тапсырып, бағалы сыйлықтар табыстады. Жақсы сөз жан семіртеді демекші, мерекеге орай арнайы жазылған хатта: «Нағыз ер адам – сенімді қорғаушы және мейрімді тәлімгер. Өз үлгісімен ұл-қыздарын тәуелсіздікке, жауапкершілікке үйретіп, қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсетіп, жаңа кәсіпті игеріп, өмірдің биік белестерін бағындыруға көмектеседі. Әдетте балалардың бойында ерлік, намыс, отансүйгіштік сияқты қасиеттерді әкелер қалыптастырады» деген сөздер бар.
Талғар жоғары медицина колледжінің директоры, ғылым кандидаты, Талғар ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихат депутаты Бағжан Құдабаев айтқан ойлар да осы пікірлермен толық астасып жатты.
– Менің әкемнің бір жасқа толғанда анасы, 11 жасқа толғанда әкесі қайтыс болып, көп қиыншылық көреді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, аман-есен оралады. Өзі хат танымаса да, өмірде көргені, көкірекке түйгені көп еді. Сол әкеміз: «Жүрісі жаман жігітті ел ішінде жау алады, бітісі жаман ағашты су ішінде өрт алады» деуші еді. Сөйтіп, сегіз баланы осы бір ауыз сөзбен тәрбиеледі. Бәріміздің жоғары білім алуымызға жағдай жасады. «Бірақ сендер колхоз бастықтарының балалары сияқты біріңнің түскен оқуыңа екіншің түсіп, бірің жұмыс істеген мекемеде екіншің істемеңдер, әркімнің өзінің таңдаған мамандығы болады», – дейтін. Содан да болар, біздің әулетте зоотехник те, дәрігер де, есепші де, мұғалім де, заңгер де бар. Бәрі – өз ісінің білікті маманы. Осының бәрі бір әкенің ғана тәрбиесі! – деді ол. Ақиқатын айтсақ, Бағжан Әкімбайұлының бұл пікірі түлектер мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарына әртүрлі мамандықтарға тапсырып жатқан тұста өте маңызды. Ал Кеңдала ауылдық ақсалдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Көлбаев «Әкені сағыну» деген өлеңін оқыды.
Шара кезінде басқа да бірнеше ақ сақалды аталар мен асқар таудай әкелер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, ұрпақ тәрбиесі жөнінде өз ойларымен бөлісті. Талғар театрының өнерпаздары сахналық көрініс қойып, әке туралы бірнеше ән шырқалды. Жиналған жұрт асқар тау – әкелер ардақталған тағылымды жиыннан ұмытылмас әсер алып, көтеріңікі көңіл күймен тарасты.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы