Бүгінде Еуропада құрлықтық доп додасы басталды. Сол айтулы аламанда футбол жанкүйерлері көгілдір экраннан көз алмасы анық. Тартысты ойындар, әсерлі сәттер жарыс көркін асыра түсетіні шүбәсіз. Бізбен бірдей тәуелсіздік алған кей елдердің әлем таңдай қаққан ойын өрнегін көргенде, қазақ елі қашан осындай ала доп додасында атой салар екен деген ойға қаласың.
Футболдан Өзбекстанның жастар құрамасы биылғы жазда Парижде өтетін олимпиадалық ойындарға қатысу құқығына қол жеткізді. Бауырлас елдің спортшылары мұндай биік белесті бағындырғаны біздің де жанкүйерлерді қанаттандыра түсті. Десе де Алаш жұрты футболдан өз еліміздің құрама командасын қашан әлемдік жарыстан көреміз деген арманнан айыға алмай келеді.
Спорт сарапшылары айтарлықтай нәтижеге жету үшін балалар футболын мықтап қолға алу қажет дейді. Осыған орай біз Еңбекшіқазақ ауданындағы балалар футболының аяқ алысына аздап зер салып көрген едік. Бүгінде оқушылар арасында спортты дамыту мақсатында көптеген ауыл мектебінде аула клубтары құрылып, жекелеген және командалық спорт түрлері бойынша секциялар жұмыс істейді. Онда балалар футболының дамуына басым бағыт берілуде.
Қазір аудандық спорт мектептері мен орта мектептерде түрлі футбол командасы бар. Бұл белгілі деңгейде балалар футболын дамытуға оң ниеттің барын аңғартады. Есік қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жәдігер Рахмановтың сөзінше, аталған спорт мектебінде жетіге жуық футбол командасы бар. Ол командалар балалардың жас ерекшелігіне қарай жасақталған. «Футбол ойнауға ынта танытатындар көп. Олар аптасына төрт күн жаттығады. Жеке шеберлігін арттыру мен командалық ойынды үйлестіруге арналған әдістемелер үйретіледі. Балаларды қанаттандыру үшін футбол жарыстарын ұйымдастыру қажет. Пандемия жағдайына байланысты былтырдан бері балаларға арналған футбол додалары тым сиреп кетті. Жақында қайта жалғасады деген үміттеміз. Кәсіпқой футболдың дамуына жол ашу үшін әуесқой футболды дамытуға күш салу қажет», – дейді футбол бапкері.
Мұндағы балалардың дені қаршадайынан футболға әуестеніп өскендер. Тіпті олардың арасында спорттың осы түрін өмірінің өзегіне балайтындар бар. Алаңда барын салып, жан-тәнімен беріліп ойнағысы келеді. Ала допты асықша иіруге ұмтылған сондай балақайдың бірін сөзге тарттық.
– Маған бұл спорт түрі қатты ұнайды. Кішкентай кезімнен футбол ойнай бастадым. Алғашында өзге балалармен бірге ауладағы алаңда жаттығып жүрдім. Қазір осындағы футбол секциясына қатысамын. Біз аудан көлеміндегі жарыстарда бақ сынаймыз, – дейді Ислам есімді жас футболшы. Алайда сол балалар футболының тамырына қан жүгіртуге кедергі келтіріп отырған түрлі фактор да жоқ емес. Ең әуелі, мектептерде жасыл алаңдар жетіспейді, ал бар алаңдардың сапасы сын көтермейді. Сондықтан тозығы жеткен футбол алаңдары күрделі жөндеуді қажет етеді.
Отандық футбол сарапшылары ауылдарда материалдық база төмен, доп пен спорттық киім жоқ дегенді алға тартады. Оған қоса мектеп оқушылары арасында аудандық деңгейде футбол жарыстары көп өткізіле бермейді. Олардың сөзінше, егер балалар турнирлерге қатыспаса, онда алға жылжу болмайды. Сонымен қоса жаттықтырушылардың кәсіби деңгейі, біліктілік санаты әртүрлі, жалақылары да мардымсыз. Бұл жағдайлар балалар футболының аяғына тұсау салып отырғаны шындық.
Қазір Қазақстан футбол федерациясының балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бойынша ауқымды жобасы әзірленіп жатқаны мәлім. Аталған жобалар еліміздегі балалар футболына серпін береді дегенге сенгіміз келеді. Әйтеуір, қазақ жанкүйерлері әлемдік додалардан өз құрамасын көруге құмартатыны шындық қой. Байрақты бәсекелерде қара терге малшынып, доп қуалаған қара домалақтарымызды көреміз деген үміт оты сөнбек емес.
Ерзат АСЫЛ