Қонаев қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік пен ынтымақ – мемлекетіміздің басты құндылығы» атты ХХІХ сессиясы өтті. Сессияға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени орталықтардың, ақсақалдар мен аналар кеңесінің, мәслихат пен қоғамдық кеңестің төрағалары, басқарма басшылары, Ассамблея жастары, жетекші журналистер клубы, медиация кеңесінің мүшелері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.
Келелі жиынды ашқан облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Марат Сұлтанғазиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндетін жүктегенін атап өтті. Сондай-ақ, тұрақтылықты сақтау, қазақстандық азаматтық бірегейлікті нығайту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп, мемлекеттік тілді меңгеру, басқа мәдениет пен дәстүр өкілдерімен өзара тату іс-қимыл жасау дағдысын қалыптастыруда Ассамблея мүшелерінің қолдауы қажеттігін баса айтты. Одан кейін сөз кезегі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитовке берілді.
– Қазақстандағы тұрақтылық пен келісім қоғамдағы ынтымақ пен теңдіктен, өзара сенім мен құрметтен бастау алады. Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында берген тапсырмаларын орындау аясында облыстық Ассамблея мен оның құрылымдары мемлекеттік саясаттың жан-жақты әрі тиімді болуын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар қабылдауда. 26 этномәдени бірлестіктің 18-і ресми тіркеуден өтіп, толыққанды қызмет атқаруда. Түрлі деңгейдегі 141 ақсақалдар кеңесі, 146 аналар кеңесі тұрғындардың бірлігі мен ынтымағын сақтауға белсенді атсалысып келеді. Этносаралық қатынасты дамытуға ұйытқы болып, қоғамдық келісімді сақтауға елеулі үлес қосып жүрген тұлғаларды дәріптеу мақсатында арнайы медиа жобалар іске асырылуда, – деген басқарма басшысы сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеп, насихаттау мемлекеттің ғана емес, барша азаматтың ортақ міндеті екеніне жиналған қауымның назарын аударды.
Келесі кезекте Алатау қалалық мәслихатының төрағасы Роза Абилованың «Азаматтардың шешім қабылдау деңгейінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдардың өзара байланысын кеңейту» тақырыбындағы және «Қазақстандағы орыс, славян және казак қауымдастығы» облыстық филиалының төрағасы Лариса Котельникованың «Әлеуметтік және этносаралық сипаттағы жанжалды жағдайларды шешудегі идеологиялық жұмыстардағы қоғамдық пікір тұлғаларының рөлі» атты баяндамалары тыңдалды.
Мінберге көтерілген «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы өкілдігінің төрағасы Вера Плетнева бірлік пен татулықтың тірегі саналатын мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мәртебесін көтеру мен насихаттау жайында әңгіме жібін сабақтады.
– Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл, ортақ тіл. Ол – Қазақстанды Отаным деп қабылдайтын, өзін осы мемлекеттің патриоты деп есептейтін әрбір азаматтың тілі. Сол себепті оны қазақ халқы ғана емес, елімізді мекендейтін өзге этнос өкілдері де құрметтеп, үйренуі қажет деп санаймын. Ендігі жерде қазақ тілінің беделін көтеріп, олқылығын толтыру – өз қолымызда. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді насихаттау мен үйренуге арналған көптеген сайт пен қазақ тіліндегі сөздердің мағынасын түсіндіретін сөйлеу, оқу, жазу дағдыларын қалыптастыратын балаларға арналған ыңғайлы жобалар бар. Одан бөлек, қазақ тілін үйрену үшін көру қабілеті төмен азаматтарға арналған бағдарлама әзірленуде. Бұл жобалардың бәрі тегін, қазақ тілін үйренуге ниетті әрбір адам еш қиындықсыз аталған жобалар арқылы мемлекеттік тілді меңгере алады. Былтыр мамыр айынан бастап облыстық қоғамдық келісім және даму орталығында мемлекеттік тілді үйрететін 4 топ жұмыс істеуде. Өзім қазақ тілін ана тілім сияқты бала кезден бойыма дарыттым. Биыл қаңтар айында «Ассамбеля жастарының» облыстағы өкілдігінің төрағасы болып сайландым. Мемлекеттік тілді білетінімді мақтан тұтамын. Қазақстанның тұрғыны болған соң мен үшін қазақ тілін білу – парыз, – дей келе, баршаны мемлекеттік тілді білуге, насихаттауға, қорғауға, дамытуға шақырды.
Өз кезегінде облыстық әзербайжан этномәдени орталығының төрағасы Аслы Осман сөз алып, Ассамблеяның атқарып жатқан ісі біршама болса, алдағы жүзеге асыратын жұмысы шашетектен екенін тілге тиек етіп, елімізде жемқорлыққа жол бермес үшін ашықтық болуы керегін қадап айтты.
Сессияны қорытындылаған Марат Елеусізұлы қаралған маңызды мәселелердің, айтылған орынды ойлар мен ұтымды ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынын қаперге салды. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясының шешімдерін іске асыру бойынша тиісті шаралар қабылдауды және елімізде татулықты сақтап, тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отырған бірегей құрылымның 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өту аясында іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды. Мемлекеттік саясатты тұрғындар арасында, әсіресе елдімекендерде насихаттау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін айтты.
А. БАҚТЫБАЙҰЛЫ