Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету жолында тынымсыз еңбек ететін мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Жұртшылық алдындағы жауапкершілік жүгін жіті сезініп, асқақ қызметті абыройлы атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілер ықыласқа кенеліп, құрметке бөленді. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасап, әділеттілікті ту еткен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтап, өз ісіне адалдық танытқан бірқатар мамандарды марапаттап, ұлт үшін ұмтыла жұмыс жасағандарын жігерлендірді.
Мерекелік жиынның шымылдығын ашқан Марат Елеусізұлы өз өмір жолын қоғамға қызмет етуге, ел ішінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға арнаған азаматтарға құрмет көрсетіп, Отанға қызмет – үлкен абырой әрі зор мақтаныш екенін айтып өтті. Ол өз сөзінде:
– Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Мемлекеттік қызмет – өз еліне және халқына қызмет ету. Бұл – ерекше кәсіп», – деген сөзі мемлекеттік қызметшілердің жұмысына берілген жоғары баға. Шынымен де мемлекеттік қызметшілерге үлкен жауапкершілік жүгі артылады. Ашықтық пен жариялылық қағидатына негізделген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, азаматтардың өтініштерін қарау тәртібінің өзгеруі, цифрлық технологиялардың дамуы қоғам алдында есептілікті күшейтті. Сіздер еңбекқорлық, кәсіби шеберлік, өз істеріңізге адалдық сынды қасиеттердің арқасында халықтың сенімін ақтап, міндеттеріңізді абыроймен атқарып келесіздер. Өз салаларыңыз бойынша күнделікті істеп жүрген қызметтеріңіз өңіріміздің, түптеп келгенде, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде, – деп қызметшілердің еңбек етуіне лайықты жағдай жасау, олардың мәртебесін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін жеткізді. Сонымен қатар аймақ басшысы еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу, біліктілігіне қарай жоғары лауазымдарға тағайындау, меритократия қағидасын ұстану, кәсіби дайындықтан өтуге жағдай жасау және тағы басқа да мемлекеттік қызметті барынша тартымды ету жолында жасалған қадамдарды атап өтті. Мемлекеттік басқару аппараты тұрақты түрде жастармен толығып келе жатқанын да сөзіне қосқан Марат Елеусізұлы бүгінде Алматы облысының жергілікті атқару органдарында қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 40-ты құрайтынын тілге тиек етті.
Қазіргі таңда Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарында 2445 қызметші жұмыс атқарады, оның 49 пайызы әйелдер. Мемлекеттік қызметке жас мамандарды тарту жұмысы жалғасуда. Жауапты лауазымдарға білікті азаматтарды тағайындау мақсатында Өңірлік кадрлық резерв жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл турасында:
– Комиссия шешімімен 25 адам агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, экономика және қаржы, цифрландыру, әлеуметтік сала сынды 4 бағыт бойынша резервке қабылданатын болады. Қазіргі уақытта іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс бойынша іріктеуге 232 адам құжат тапсырған. Бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Жалпы, облысымыздағы мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы жыл санап жақсарып келеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің қатарында «Болашақ» бағдарламасының 9 түлегі, Мемлекеттік басқару академиясының 10 түлегі, Президенттік жастар кадр резервінен тағайындалған бір қызметші және 2 PhD докторы бар. Бұл үрдіс өңірлік мемлекеттік басқару жүйесінің күшейе түсуіне оң әсер ететініне сенемін, – деген өңір басшысы еліміздің өркендеуі жолында еңбек ететін бірқатар мемлекеттік қызметшілердің кеудесіне ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін тақты. Сонымен қатар еліміздің қарқынды дамуына үлес қосқан азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.
Келесі сөз кезегін алған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Арсен Жақыпов бүгінгі таңда өңірімізде 4 мыңнан аса мемлекеттік қызметші аянбай еңбек етіп жатқанын жеткізді.
– Мемлекеттік қызмет кез келген қазақстандық үшін ашық. Мемлекеттік қызметке кірудің түрлі тетіктері бар. Олар – «Е-Қызмет» платформасы арқылы онлайн форматта конкурстық іріктеу, конкурстан тыс тағайындаулар, әкімдер лауазымына сайлау, Президенттік жастар кадрлық резерві, өңірлік кадрлық резерв және т.б. Іріктеу қорытындысы бойынша 25 адам облыстық кадрлық резервке алынады. Бүгінде мемлекеттік қызметте адал да білікті кадрлар көп. Олар халық игілігі үшін аянбай еңбек етуде. Мемлекеттік қызметшілердің адал еңбегінің арқасында елімізде түрлі салаларда бірқатар реформалар сәтті жүзеге асырылуда. Президентіміз айтқандай, әділ мемлекет құру үшін әрқайсымыз нағыз отансүйгіштіктің, адалдық пен бизнеске жауапкершілікпен қараудың үлгісі болуымыз керек. Біздің біліміміз бен тәжірибеміз халық игілігіне қызмет етуі тиіс, – деп халыққа қызмет етуден асқан абыройлы іс жоқ екенін алға тартты. Мәртебелі істің иелеріне табыс, жақсылық пен бейбітшілік, кемеңгерлік пен төзімділік тілейтінін жеткізіп, ел экономикасына серпін берген бірқатар мамандарды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, эстрада жұлдыздарының әуелеген әні, сахна саңлақтарының мың бұралған биі шаттықты шараның шарапатын арттыра түсті.
Құралбек СӘБИТОВ