«Өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» болатын газет – түсінген адамға ақпараттың қайнар көзі және таусылмас құнды қазына. Сондай-ақ, халықты сауаттандырып, рухани нәр беретін құрал. Әсіресе, қазіргідей қазақы сөздің қаймағы бұзылып бара жатқан заманда кітап, газет оқу өте қажет. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Оқитын ұлт» бастамасын көтерді.
Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – оқу екенін айтып, қоғамда оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызына тоқталды. Мұны Райымбек ауданындағы Текес ауылының тұрғындары алғашқылардың бірі болып қолдап, Мемлекет басшысының бастамасы негізінде «Оқитын отбасы» челленджін бастап кетті.
Текестіктер түгел ауыл болып, облыстық «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттеріне жазылу арқылы облыс тұрғындарын газет-журнал мен кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырып, Үндеу қабылдады. Көзіқарақты оқырман Үндеуге үн қосып, бүгінде облысымыздың бірнеше ауданы облыстық газеттердің бас редакторы, журналистерімен кездесулер ұйымдастырып үлгерді. Олардың ішінде Еңбекшіқазақ ауданы да бар.
Ондағы Нұра және Өрікті ауылының тұрғындары ұлт мәдениетін жаңа белеске көтеруге бағытталған бастама төңірегіне ұйысуға ниетті екендіктерін жеткізді.
Нұра ауылындағы О. Жандосов атындағы мектепте өткен басқосуға облыстағы қос басылымның бас редакторлары – Қуаныш Тұнғатар, Забира Сайділдина, кикбокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем кубогының жеңімпазы Елмұрат Қайыпжанов, Сөгеті ауылдық округінің әкімі Құдайберген Мұқадиев, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мәлік Байзақов, мектеп директоры Ысқақ Салманов, ауыл тұрғындары мен ұстаздар қауымы қатысты. Ең алдымен, округ әкімі Құдайберген Мұқадиев ғасырлық тарихы бар облыстың барлық аумағына тарайтын өңірдің бас басылымдарының аймақ өмірі- нің айнасы екенін айтты. Ол аталған басылымдардың еліміздің ақпарат кеңістігінде лайықты орны, өзіндік бедел-бедері бар, тек ақпарат көзі ғана емес, сонымен бірге халықтың қоғамдық пікірін қалыптастыруға ықпал ететін қуатты медиа-ресурс, билік пен халық арасындағы алтын көпір екенін де атап өтті. Сол себепті ауыл жұртшылығы «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттері қолға алған игі бастамаларға қашанда қолдау көрсететіндіктерін тілге тиек етті.
Оқырмандармен жүздесуде сөз сөйлеген «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар өзі тізгіндеп отырған облыстық басылымның ғасырдан ұзақ тарихы бар «Жетісу» газетінің заңды жалғасы екеніне тоқталды. Сондай-ақ, Қуаныш Абайбекұлы дамыған елдерде газет оқу мәдениеті қалыптасқанын нақты мысалдармен саралады. Газет бар жерде сауаттылық әрі білім мен ғылым болатынын, ал, ғылымға мән беретін ел міндетті түрде дамитынын, сондықтан газет оқу мәдениетін қалыптастыру қажет екенін алға тартты.
Кездесуде «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Сайділдина қазіргі ақпараттық дәуірде газеттің орнын әлеуметтік желі, кітаптың орнын планшет баса алмайтынын, дүние жаңарып, жаңа технология өмірімізге толығымен енген күннің өзінде газет елмен бірге жасай беретінін, дәстүрлі басылым тұнған тарих, құнды құжат ретінде қалатынын баяндады. Забира Дайранқызы өзі басқарып отырған мерзімді басылымның ұлттық мүддеге қызмет ететінін, қазақтың мәдениеті мен тілін насихаттауға, дәстүрін дәріптеуге күш салатынын айтып, газет қандай жағдайда да халықтың сенімді ақпарат көзі болып қала беретінін жеткізді.
Бұдан соң оқырмандар қауымы газет оқуға қатысты ойларын ортаға салды.
– Бала кезімнен мерзімдік басылымдарды сүйіп оқимын. Әке-шешеміз бірнеше газет-журнал жаздырып алатын. Соларды оқып өстім. Қолға ұстаған газетті соңғы бетінен бастап оқуды әдет етіп кетіппін. Өйткені, көбіне-көп онда спорт жаңалықтары, әйгілі спортшылардың өмірдеректері, қысқа-қысқа қызықты әңгімелер, пайдалы кеңестер жарияланады. Содан кейін барып қалған беттеріне ауысамын. Әсіресе, әйгілі спортшылардың өмірі туралы қызыға оқу арқылы осы салаға келдім. Кейін өзімнің де спорттық жетістіктерім газет беттерінде жариялана бастады. Менің бағындарған әр белесімнің ізі газет бетінде сайрап жатыр. Мен оны өшпес тарих деп бағалаймын. Газет сонысымен де құнды. «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттерінің жақсы бастамаларына қашанда жаршы болуға дайынмын, – деді даңқты жекпе-жек шебері, №2 аудандық спорт мектебінің директоры Елмұрат Қайыпжанов.
Ал ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мәлік Байзақов:
– Біздің бала күнімізде қарапайым еңбек адамдары өздерін газет бетінен көрсе, бір шаттанып қалатын. Бүкіл ауыл тұрғындары жаппай газет оқитын. Қазір сол дәстүрден ажырап қалдық. Сол бір құндылықты қайта жаңғырту керек. Өйткені ауыл тұрғындарына сапалы ақпарат пен танымдық, тарихи дүниелер аса қажет, – деді.
Өз кезегінде ұстаздар қауымы да мерзімді басылымдардың әр бетін парақтауға ынталы екендіктерін сөз етті.
– Жаһандық желімен жұмыс істеу тиімді әрі жедел болғанымен, ондағы ақпараттың дәлдігі мен шынайылығына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал газет беттерінде нақты мәліметтер ғана жарияланады. Елдегі болып жатқан елеулі оқиғаларды жұртшылыққа жеткізіп, жан дүниеңді байытып, ой-өрісіңді өсіретін, сезімге сезім, ойға ой қосып, таным көкжиегін кеңейтетін де газет емес пе?! Қажет ақпаратты экраннан оқығаннан гөрі, газетті қолмен ұстап, сезініп оқыған көңілге қонымды, жүрекке жақын. Газет – қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі. Ел азаматтарының игі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын айтқан журналистердің мірдің оғындай өткір сөздерін осы газет бетінен ғана оқи аламыз, – дейді мектеп директоры Ысқақ Салманов.
Райымбек ауданы Текес ауылы тұрғындарының «Оқитын отбасы» челленджін Еңбекшіқазақ ауданының Нұра ауылының тұрғындары жылы қабылдады. Үндеуді жұртшылыққа Сөгеті ауылдық округінің әкімі Құдайберген Мұқадиев жеткізді. Біз белгілі журналист, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Сүлеймен Мәмет ағамыз еңбек еткен білім ордасында оқырмандармен кездескенімізді жақсы ырымға баладық. Нұра – елімізге әйгілі құсбегілер ауылы. Сол себепті де көкейдегі асқақ армандарымыз ақиық қыранға айналып, Алатауды асып бара жатқандай сезімде болдық.
***
Ары қарай оқырмандармен жүздесу Рахат ауылдық округінде жалғасты. Бұл – Еңбекшіқазақ ауданындағы адам ең көп шоғырланған ауылдық округтің бірі. Құрамына Рахат, Қайназар, Азат, Өрікті сияқты төрт ауыл кіретін округте 40 мыңға жуық халық тату-тәтті күн кешіп жатыр. Осы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрікті ауылында аудан атқамінерлері мен ұстаздар қауымы қарапайым халық пен журналистердің басын қосып, келелі кездесу ұйымдастырды. Басқосу Бейімбет Майлин атындағы орта мектепте өтті. Жиналған жұртқа Рахат ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Руслан Қыдырғожаев облыс орталығынан келіп отырған қонақтарды – «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар мен «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Сайділдинаны таныстырып, сөз бастады. Жергілікті жердегі жаңалықтар «Өлке тынысы» ЖШС құрамындағы газеттерде жиі жарияланып тұратынын тілге тиек еткен Руслан Ерланұлы Рахат ауылындағы кірпіш зауыты сынды өзекті мәселенің өз шешімін табуына да «Алатау арайы» газетінің үлес қосқанын айтты.
Кезінде облыстық «Жетісу» газетіне жазылып жүрген жұртшылық: «Кейінгі уақытта бұл басылымда Алматы облысының жаңалықтары жарияланбай қалды», – деп түсінбеушілік танытуда. Облыс екіге бөлінгеннен кейін «Жетісу» газеті атауына сай Жетісу облысында қалып, Алматы облысында «Алатау арайы» газеті жарық көре бастады. Кездесу барысында сөз алған «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар жиналғандарды газеттің тарихымен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып, ақпараттық қауіпсіздік туралы ойын ортаға салды.
«Ақпараттық технологиялар жылдам қарқынмен дамып жатқан уақытта ақпарат алаңы нағыз майданға айналғаны рас. Мұнда мүдделер қақтығысы жасырын жүзеге асып жатыр. Небір радикал топтар да қитұрқы әрекеттерін астыртын жүргізіп отыр. Өкініштісі, көз ілеспес жылдамдықпен жан-жақтан түсіп жатқан ақпаратты ешкім елеп-екшеп, анық-қанығын тексеріп отырған жоқ. Осылайша, бүкіл қоғам белгісіз ақпаратпен уланып жатыр. Оның негізгі себепшісі – әлеуметтік желілердегі жазбалар. «Газет бетіне жарияланатын мақала жан-жақты сүзгіден өтеді, ақпараттың рас-өтірігі анықталып, оған қатысты тараптардың барлығының пікірі алынады, яғни біржақты жазылмайды. Қатесі тексеріліп, мазмұнына мән беріледі. Идеологиялық тұрғыдан, рухани жағынан оқырманға маңызы да ескеріледі. Демек, газет бетінен алатын ақпаратыңыз – шынайы, нақты, әрі рухани азық бола алатын дүние», – деген Қуаныш Байбекұлының пікірін Рахат ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Руслан Ерланұлы да қостады. Ол: «Қазір кейбір сайттар мен әлеуметтік желілерде елді адастыратын, адам ойын сан-саққа жүгіртіп қоятын жалған ақпарат көп. Мәселеге тек бір жақты қарап, оның тереңіне үңілмей, қалай болса, солай жарияланатын жазбалар қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына кері әсерін тигізеді. Көп жағдайда мұндай жазбалардың көздеген өз мүдде-мақсаты болады. Оны байқай бермейтін қарапайым халық осындай ақпарат майданының құрбанына айналады. Сондықтан жұртшылықты жалғанның жетегінде жүрмей, шынайы ақпарат алу үшін мерзімді басылымға жазылуға шақырамын», – деп өз ойымен бөлісті.
Басқосуда «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Сайділдина адам өміріндегі баспасөздің алар орны жайында сөз қозғады. Сонымен қатар оқу мәдениетін қалыптастырудың бала тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. «Кітап оқу – ешқашан жоғалмайтын рухани азық. Өкініштісі, «Бүгінгі балалар қолына кітап алмайды» деп дабыл қағамыз. Ал сіз, ата-ана, балаңыздың оқуға қызығуы үшін не істеп жатырсыз? Өзіңіз үйде бір уақыт газет-журнал оқисыз ба? Бұрын әке-шешеміз бір емес, бірнеше мерзімді басылымға жазылатын. Оның ішінде балаларға арналған газет-журнал да бар. Соларды оқу арқылы біздің кітап оқуға деген қызығушылығымыз артты. Ал сіздің үйіңізде газет-журнал бар ма?» – деген Забира Дайранқызының сұрағы баршамызды ойландырып тастады.
Шынымен, үйге күнделікті газет-журнал келіп тұрса, оны әке-шешесі оқып отырса, бала да соны қайталайды емес пе? Күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, осындай көзге көрінбейтін, бірақ ертең зардабы мол болатын дүниеге мән бермейміз. Күні бойы жұмыстамыз, кешке үйге келгенде өзіміз де отыра қалып, телефонды ермек етеміз. Ересек адамдар өзіне не керектігін біледі. Әлеуметтік желілерді ақтарып отырғанда қажеттісін алып, керек емесін өткізіп жібереді. Ал өмірде оң-солын әлі танымаған балалар қолындағы телефоннан көргенінің бәрін миына құйып алып жатыр. Өкініштісі, ол жердегі ақпарат ешқандай сүзгіден өтпейді. Жақсы мен жаман, ұят пен арсыздық қатар жүреді. Тіпті қатыгездікті ашық көрсететін небір бейнекөріністер жүр. Оны көріп өскен балалар осынау сұмдықты қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Мұның соңы рухани азғындыққа, психологияның бұзылуына, кіршіксіз балалықтың былғанып, баскесер бұзақыға айналуына негіз болады. Атақты ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген екен. Ендеше, тәрбие мен білімнің негізі қаланатын мектепте осы мәселені қолға алу маңызды. Мектеп қабырғасындағы хат таныған бала үшін газет-журнал мен кітап қолжетімді болған кезде олардың оқуға деген қызығушылығы оянады. Ал оқушыларын білім нәрімен сусындатып, олардың бойына тәрбие дәнегін егетін ұстаздар қауымы үшін мерзімді басылым күнделікті жұмыс үстелінде тұратын оқу құралы болуы керек. Тек сонда ғана балалар білімді, ұстаздар білікті болары сөзсіз. Біздің бұл ойымызды осы кездесудің өтуіне мұрындық болған Б.Майлин атындағы орта мектептің директоры, 25 жыл ұстаздық еткен Айгүл Мұқаева да қолдап, өз пікірін білдірді. «Күнделікті жаңалықтан хабардар болу – басқалардан бір қадам алда болумен тең. Осы орайда балаларды білім нәрімен сусындатып отырған ұстаздар үшін мерзімді баспасөзге жазылудың жөні бөлек. Онда жарияланатын сан түрлі тақырыпты сабақ барысында қолданып, оқушыларға кешегі тарихпен қатар бүгінгі жаңа ақпаратты қатар ұсынудың нәтижесі көбірек болары сөзсіз. Сондықтан да біз де текестіктердің Үндеуін қолдаймыз», – дейді Айгүл Омарқызы.
Аудандық мәслихат депутаты Дәурен Хасенов газетте заңгер ретінде жұмыс істеген кездегі түйген ойларын ортаға салды. Сонымен қатар «Қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру – жарқын болашақ үшін жасалар үлкен қадамның бірі», – деп, халықты баспасөзге жазылуға шақырды.
Кездесуден кейін мектеп директоры қонақтарды білім ордасымен таныстырды. Іргетасы сонау 1961 жылы қаланып, бала санының өсуіне байланысты 2018 жылы жапсаржайы салынған мектеп өте кең, әдемі екен. 540 орынға шақталған білім ордасында бүгінде екі ауысымда 819 оқушы білім алып жатыр. Оның 39-ы биыл алтын ұясымен қоштасып, екі түлек мектепті үздік аттестатпен аяқтады. 80 мұғалім жұмыс істейтін мектеп модификациялық химия, лингафон кабинеттерімен және басқа да заман талабына сай материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Сонымен қатар білім ошағына есімі берілген Бейімбет Майлинге арналған музей-кабинеті де бар. Мұнда жазушының өмірбаянынан толық мәлімет беретін стендтер қойылған екен. Одан бөлек, қонақтардың ерекше назарын аудартқан – жазушының бүкіл шығармалары QR кодпен берілген үлкен тақта болды. Б.Майлиннің 130 жылдығымен тұспа-тұс келген оқырманмен ой бөлісу кездесуі қазақтың қайраткер ұлының музей-кабинетінде естелік суретке түсумен аяқталды.
Ерзат АСЫЛ,
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ,
«Алатау арайының» арнаулы тілшілері