Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаев: «Мен кітапханаларды ақыл-білім, адамгершілік, парасат пен иман ордасы, ал кітапханашыларды ең асыл құндылықтардың жанкешті сақшылары санаймын», – деген екен. Міне, бұл – кітапханашыларға берілген әділ баға. Кез келген кітапхананың мақтанышы – оқырмандар.
Осы орайда, Кеген аудандық жастар ресурстық орталығында «Туған жерге тағзым» жобасы аясында кітапхананың тұрақты оқырманы, Кеген ауылдық аналар кеңесінің төрағасы Ғалия Сатаевамен кездесу кеші өтті. «Кітапхана және оқырман» атты шараға аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Көнеева, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ Кеген аудандық филиалының сарапшысы Әділ Қайратұлы, жастар ресурстық орталығының психолог маманы Гүлназ Толонқызы, Кеген ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Рақым Есімбаев, «Үміт» әжелер ансамблі және кітапхана оқырмандары қатысты.
«Туған жерге тағзым» жобасының негізгі мақсаты – ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді насихаттау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа, кітап оқуға шақыру.
Ғалия Шәмшиденқызы 1958 жылы 6 мамырда Кеген ауылында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1975 жылы Қарқара ауылындағы балабақшада тәрбиеші болудан бастаған. Одан кейінгі жылдары Бөлексаз орта мектебінде мұғалім, аудандық орталық балабақшада тәрбиеші, №3 Кеген орта мектебінде ұстаздық қызметтер атқарған. 42 жыл білім саласында жұмыс істеді. Көптеген шәкірт тәрбиеледі. Зейнетке шыққаннан соң Кеген ауылдық аналар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Содан бері қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді.
Аталған шарада Ғалия Сатаеваның өмір жолы туралы бейнебаян көрсетіліп, көпшілік назарына ұсынылды. Ауыл ақсақалы Әбіл Әбженбаевтың ақ батасынан кейін кеш иесінің иығына ақ орамал жауып, сый-құрмет көрсетілді.
– Аудандық кітапханада кездесулер, танымдық, тақырыптық кештер жиі өтіп тұрады. Біздің белсенді оқырмандарымыз осындай шаралардан қалмай, бар ынта-жігерімен қатысады. Олар – Ғалия Шәмшиденқызы, Аршын Нұрбақыт, Алмас Тілеулиев, Сырым Тұрсынов, Рүстем Әкімбеков, Балжан Жұмағұл, Толғанай Қымбатбек, Гүлмира Атамбековалар. Руханиятты қадірлейтін осындай жандар көп болса, кітапқа деген қызығушылық арта түсетіні сөзсіз! – деді кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Жібек Молдасанова. Бұл тілекке аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Демежанқызы да қосылды. Мәдениет үйінің әншісі Мақсат Бөтеев дәстүрлі әндерін тамылжыта шырқап, көпшіліктің көңілін шалқытты.
Кеш соңында Ғалия Шәмшиденқызы аналық алғысын білдіріп, кітапхана жұмысына шығармашылық табыстар тіледі.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы