Жыл сайын қытымыр қыстың көгілдір көктемге ұласар шағында республиканың жалпы білім беретін мектептерінен бастау алатын «Мұқағали оқулары» жайдары жазда ақын ауылында қорытындыланатыны дәстүрге айналған. Бұл жолы да жүзден жүйрік шыққан өрендер киелі мекенде бас қосып, жасын жырды жарқылдатты.
Осынау игі шара Е. Ібітанов атындағы Мәдениет үйінде жарасымды жалғасып, ақын туған ауыл тағы бір дүрлігіп қалды. Алматы облыстық білім басқармасы мен «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы өткізген республикалық «Мұқағали оқуларына» поэзияны сүйетін, поэтикалық тұрғыда талдай білетін, ғылыми жұмысқа бейімі бар, өлеңді көркем мәнерлеп оқитын әрі ақындық талабы бар облыстық байқаудың жүлдегерлері бақ сынасты.
Шара беташарында алғашқы сөз тізгінін ұстаған «Дарын» облыстық ғылыми-практикалық орталығының директоры Диана Оңбырбаева «Мұқағали оқуларының» ережесіне сай аудандық, облыстық білім мекемелерінде атқарылып келген іс-шаралардан хабардар етті. Бәсекелі жарыстың мақсат-міндетімен таныстырды. Ақын мұрасын ұлықтауға келген өрендерге сәттілік тіледі.
Өз кезегінде мінбеге көтерілген Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев:
– Ақын жырларымен сырласқан жас буын талантын жанып, поэзия атты әлемдегі болашақ бағдарын осынау шарапатты шара арқылы айқындап жүргенін жақсы білеміз. Осы арқылы ақынның ұлы мұрасын жаңаша қырынан танытпақ. Бұл, әрине, Мұқағали шығармасына деген шексіз құрметтің белгісі десек қателеспейміз, – дей келе, биылғы жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойына қатысты шаралардан хабардар етті. Талаптың тұлпарын мініп келген оқушыларға өнер жолында абырой биігінен көрінуді тіледі.
Келесі кезекте Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Заманбек Әбдешовтің төрағалығымен өнерлі өрендердің өресін, білім-білігі мен талабын таразы талқысына салып, әділ төрелігін айтатын қазылар алқасы таныстырылды. Биыл додаға республика аймақтарынан 51 талапкер келген екен. Ендігі кезекте сол үміткерлер сахна төрінен орын алды. Олар үш топқа бөлініп, шараның басынан аяғына дейін белгіленген үш бағыт бойынша білім-біліктерін сарапқа салды.
«Айтып өткен ақында арман бар ма?» деп аталатын бірінші бағыт бойынша қатысушылар ақын өлеңдерін жатқа әрі мәнерлеп оқудан сынға түсті. Қазылар алқасы тарапынан қойылған талаптардан қаймықпаған, ылдидан шапса, төске озып, шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйріктер ақтық сында да өздерінің ақын поэзиясына деген ықыластарын аңғартты. Мақсаттан табыла алмай, мүдіргендері, өлең жолдарын шатастырып, басқа тақырыптарға ауытқығандары да кездесті. Бәрі де қазылар белгілеген 5-10 балдық жүйемен әділ бағаланды.
«Жыр эстафетасы» бағыты бойынша жарыс жолына шыққан келесі үміткерлер «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек! Райымбек!», «Алтай – Атырау» дастандарын жатқа әрі нақышына келтіре оқыды. Мұнда да «ой,бәрекелді» мен «әттеген-айлар» аз кездеспеді. Дастанды бірінен кейін бірі іліп әкетіп оқуда талап деңгейінен табылғандары да, ұмытып қалып, сүрінгендері де, ереже талаптарын ескермей, бір-екі бөлімін ғана жаттаумен шектелгендер де сынақтың өн бойында айқын аңғарылды. Әрине, мұндайда бабы келіскен шын жүйрік қана мәре сызығын бірінші болып кесетіні анық.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы екендігі өрелі бәйгенің «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» атты үшінші бөлімінде айқындалды. Үміткерлер өздерінің төл туындылары, өлеңдері жинақталған шағын кітапшасын қазылар алқасының алдына тартты. Солардың талабы бойынша 3-5 шумақтан аспайтын бір немесе екі өлеңін мәнерлеп оқыды. Жеке шығармаларын орындау барысында Мұқағали өлеңдерімен сусындап, муза атты ұлы әлемге құлаш ұра бастаған жас таланттардың да осынау үркердей топтың ішінде иненің жасуындай болса да бар екендігі байқалды. Осылайша ауылдан басталып, республикалық деңгейге көтерілген «Мұқағали оқулары» көргеннің көзайымына айналып, көрмегендерді арманда қалдырып, қасиетті Қарасазда өз мәресіне жетті.
Шын жүйрікті аяқ алысы мен шабысынан танитын кәнігі атбегідей өрендердің білім-білігін, өлең-жырға деген айрықша ынтасын, талабы мен талғамын, талантын қалт етпей қадағалаған қазылар алқасы ешкімге бұра тартпады. Үміткерлердің жасын жырды жарқылдатуды мақсат еткен еңбектеріне лайықты бағаларын берді. Жарыстың қорытындысы үш бағыт бойынша жеке-жеке шығарылып, ерен жүйріктері бәйге төрінен орын алды.
«Айтып өткен ақында арман бар ма?» бағыты бойынша Алматыдан келген Хангелді Бектенов, Абай облысынан келген Айша Мәлік, Абай атындағы РММИ оқушысы Рәбиға Тұрар үшінші орынды қанағат тұтты. Екінші орынды Жамбыл облысының оқушысы Ұлпан Сүндет пен Атыраудан келген Нұрмерел Нұралы еншіледі. Бірінші орынды Алматы облысынан келген Балауса Сапарбек иеленді. Ал осы бағыт бойынша байқау талабының шарттарын мінсіз орындаған, Мұқағалидың 370 өлеңін жатқа білетін Қарағанды облысынан келген Нұрғасыр Изат бас жүлдені қанжығасына байлады.
«Жыр эстафетасы» бағыты бойынша маңғыстаулық Шынар Амантай, атыраулық Бағыт Айжұлдыз, алматылық Алтынай Әбдіғаппарова үшінші, Абай облысынан Нұрсезім Жаннұрқызы, алматылық Арайлым Асанхан екінші, қарағандылық Алина Наурызбаева бірінші орындарды иеленсе, Алматы облысының А.А.Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Әдемі Естеу бас жүлдені жеңіп алды. «Жүрегімде жыр сәулесі маздайды» бағыты бойынша талаптарын таразы талқысына салған жетісулық Нұрсұлтан Сейітбек, ақтөбелік Ернат Нұрлыбек, Абай атындағы РММИ оқушысы Досжан Әділбекұлы үшінші, жамбылдық Әнел Айдаралиева, павлодарлық Еркебұлан Тіленіш екінші, Атырау облысынан келген Мәрсел Ерсаинов бірінші орынды, Алматы қаласынан қатысқан Аяжан Құдайберген бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздарға әр бағыт бойынша алған орындарына қарай 30-100 мың көлемінде ақшалай сыйлық пен дипломдар табысталды.
Иә, қасиетті Қарасазда Қазақстанның әр түкпірінен келген жас буындар бойындағы таланты, өнерге, өлеңге, төл әдебиетімізге деген ынта-жігері арқылы жасын жырды жарқылдатты. Айлар, жылдар, ғасырлар өтер. От ауызды, орақ тілді небір дүлдүл ақындар дүниеге келер. Бірақ қара өлеңнің құдіретін асқақтатып, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Мұқағалидай ақиық ақынның есімі қай кезеңде де өз биігін аласартпақ емес. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, мәңгі жасай бермек. Оның айқын дәлелін республикалық «Мұқағали оқулары» тағы бір айқындап берді.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы