Ата-ананың көз қуанышы, жұбанышы, үміт артары, бар бақыты – перзенті. Сондықтан баласының үлкен белестерді бағындырып, өмірден өз орнын табуы үшін бар күшін салады. Түрлі үйірмелерге беріп, жан-жақты дамытқысы келеді.
Бүгінде спорт, өнер мектептері, одан қалды ағылшын, математика, шахмат дейсіз бе барлығы да қолжетімді. Ата-ана бұл үшін қаржысын да, уақытын да аямай, қадағалап, баласының алған Мақтау қағаздары мен медальдарын әлеуметтік желілерде жариялап, туған-туыс пен дос-жаранның құттықтауына есі кетіп, абыройы бір асқақтап қалады. Баласына ол ұнай ма, ұнамай ма, оны елеп-ескеріп жатқан ата-ана жоқ. Бәрі емес, әрине. Бірақ көпшілігі солай. Мектепті бітіре салысымен баласы шетелге оқуға түссе, төбесі көкке бірелі жетпей, одан бақытты, одан абыройлы ата-ана болмайды.
Мұның несі жаман дейсіз ғой? Енді сол балалардың тағдырына көз жүгіртіп көрейік. Бармаған жер, баспаған тауы қалмай, үйірмеден-үйірме қоймай, ағылшынша судай, есепке жүйрік балаңыз өмірдің сан-қырлы сынақтарына шыдамай, үп еткен желге қаңбақтай иіріліп шыға келеді. Шетелге оқуға немесе жұмысқа кеткендердің басым бөлігі қалайда сол жерде қалудың бар айла-шарасын жасауда. Өз халқын қор санайтындар да жоқ емес. Ал елге келіп қызметке орналасқандардың алды адам өлтіріп, халықты қанап, енді бірі әлі күнге ата-анасының шылғауынан шыға алмай жүрсе, құмар ойынның құрбаны болып кеткендер қаншама?
Сонда ата-ананың кезінде көзі ашық болсын, білімді, өнерлі болсын, болашағы жарқын болсын деп шыр-пыр болып жүгірген еңбегі қайда кетті? Мұның басты себебі – рухани тәрбиенің болмауында, адамгершілік құндылықтардың ескерусіз қалуында. Ал рухани қазынаның алтын кені қазақы тәрбиеде жатыр. Бала дүниеге келе салған сәттен оны бесікке бөлеп, бесік жырының мәнді әуезімен ақ парақтай сәбидің санасына өшпес құндылық құйылады. «Иманның тоқсан тоғызы әдептен тұрады» деп балаға әдеп үйретеді. Өзгенің ала жібін аттама, өтірік айтпа, сертіңе берік, досыңа адал бол деп игі істердің бәрін санасына берік қып бекітеді. Түрлі аңыз-әңгіме, ертегілер, қисса-дастандарды жатқа айтқызып, ойлау өрісін жетілдіреді. Бала ондағы әр кейіпкердің тағдырын жандүниесімен сезініп, ненің дұрыс, ал ненің қате екенін бағамдай бастайды. Сол шығармалардағы оқиғалар өз басына келгенде ол дұрыс шешімді жаңылмай табатын болады. Қазақтың маңдайына біткен өр тұлғаларының қай-қайсысын алсаңыз да ұлы жолының алғашқы баспалдағы рухани ілімді меңгеруден басталған. Көкірегі құндылыққа толғаннан кейін ғана орыс оқуына барып, әрі қарай түрлі сала бойынша өз білімін жетілдіретін болған.
Жандүниесі мәнді, мағыналы дүниеге толған, оның үстіне заман талабына сай ілім мен технологияны, шет тілдерін де меңгерген жан өмір жолында кездескен кез келген кедергіні бұзып-жарып, өз дегеніне жетеді, әлсізге пана, жетімге қамқор болады, мейірім-шапағатымен жамандық атаулыға тосқауыл қояды. Яғни ғылым мен білімнің іргетасында міндетті түрде рухани тәрбие тұруы тиіс. Мұны ескіліктің сарқыншағы деп шетке ысыра берсеңіз, соңы үлкен қасіретке алып келуі әбден мүмкін.
Гүлзат Байқонысова