Халқымызда «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» деген аталы сөз бар. Расында туған жерді көркейту мен көгалдандыру баршаға ортақ іс әрі ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған ізгі қадам.
Кеген ауданы Жалағаш ауылында көптен күткен саябақ ашылды. Бұл игілікті іске «Ауылым – алтын бесігім, туған жер – өмірдің қайнар бұлағы» қорының ұйымдастыруымен ауыл жұртшылығы жұмыла кіріскен. Нәтижесінде айнала жасыл желекке оранып, ауылдың ажарын ашты. Бір шақырымға созылған саябақта шырша, ақ қайың, терек, сирень ағаштары жайқалып тұр. Жарықшам мен бейнебақылау камералары да орнатылған.
Саябақтың ашылу салтанатына ақсақалдар, әкімдік өкілдері, ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысты. Жалағаш ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Әріп Сыбанбаев жиналғандарға ақ батасын берді. Ақ жаулықты аналар шашу шашты. Кеген ауданы әкімінің орынбасары Медет Исаев құттықтай сөз сөйледі.
- Жақсы істің басында жүрген ел ағаларына, жастарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Кеген ауданында 34 елдімекен болса, Жалағаш – үлгі боларлық ауылдар қатарында. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолға алған істеріңіз берекелі болсын, ынтымағымыз ешқашан ажырамасын! – дей келе, көгалдандыруға атсалысқан бір топ азаматты аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Облыстық ардагерлер қоғамының төрағасы Бекзат Махатов, аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Қызайбекова, Жалағаш ауылдық округінің әкімі Айгүл Садырова, ауыл азаматтары Мейірбек Тұрлығожаев, Меркібай Молдамұратов, Жанат Сағынбаев, Дархан Боранбаев, Шопан Алиев, Айқын Қарағұловтар сөз алып, ризашылығын білдірді.
Шара барысында туған жер үшін айрықша еңбек сіңірген ата-әжелердің иықтарына шапан жауып, құрмет көрсетілді. Жергілікті өнерпаздар әуелете ән шырқап, күмбірлете күй төкті.
- Саябақтың ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұл – ауылдың мәдени өміріндегі жағымды жаңалық болды. Туған жеріміз көркейе берсін! – деді ауыл тұрғыны Көпжасар Нұрлыбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта саябақ аумағы кеңейіп, көгалдандыру жұмыстары ары қарай сәтімен жалғасатын болады. Жаңашылдыққа бет бұрған жалағаштықтардың мақсаты айқын, арманы асқақ!
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы