«AMANAT» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында өңірлік даму жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Басқосуды өңірлік даму жөніндегі кеңес төрағасы Л.Тұрлашов ашып, жүргізіп отырды. Жиналысқа «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қ. Байғожаев, аудан, қала әкімдері, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары қатысты.
Жиында жергілікті маңызы бар облыстық автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау, Балқаш және Талғар аудандарының елдімекендерін газдандыру, Кеген және Қарасай аудандарындағы елдімекендердің көшелерін күтіп-ұстау, автокөлік жолдарының ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты мәселелер талқыға салынды.
Жиналыстың күн тәртібіне сәйкес, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Баймұхамбетов, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Н.Таңатаров жолдардың жай-күйі, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Р. Байжұматовтың өңір елдімекендерінің газбен қамтамасыз етілуі туралы және Қарасай, Кеген, Балқаш, Талғар аудандарындағы жолдар мен елдімекендерді газбен қамту жайындағы баяндамалары тыңдалды.
Жиында келтірілген мәліметтерге қарағанда, Алматы облысындағы жалпыға ортақ пайдаланымдағы жолдардың ұзындығы – 5 715 шақырымды, соның ішінде республикалық маңызы бары – 1 783, ҮАААЖ – 66, облыстық маңызы бар жолдар – 3 370, аудандық маңызы бар жолдар 496 шақырымды құрайды.
Тұтастай алғанда, 2024 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жағдай бойынша жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 91 пайызға жеткен. Ал биыл облыстық маңызы бар 157,9 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланған. Салыстыру үшін айтсақ, 2023 жылы жалпы құны 27,4 млрд теңгеге 274,3 шақырым жол жөнделген болатын.
Анықтама үшін айтар болсақ, республикалық маңызы бар жолдардың 8 жобасына жалпы сомасы 75,5 млрд теңге және аудандардың 331,3 шақырым көше-жол желісінің жөндеу жұмыстарына жалпы сомасы 8,782 млрд теңге қарастыру жоспарланған.
Тағы бір үлкен міндет – 2030 жылға дейінгі өңірлік газдандыру схемасы шеңберінде елдімекендерді 100 пайыз газбен қамтамасыз ету. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін биыл облыстың 7 ауданында 38 жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, іске асырылуда. Оның ішінде 5 елдімекен бойынша жобалау жұмыстары аяқталып, республикалық бюджетке өтінім берілді.
Бүгінгі таңда облысымыздағы 136 елдімекен газдандырылған. Бұл 48,7 пайызды құрайды.
Жиын соңында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Баймұхамбетовке, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Н.Таңатаровқа халық қалаулылары мен аудан әкімдері халықтан түскен өтініш-шағымдарға орай сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алды. Басқосуды «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қ.Байғожаев қорытындылады.
Бейбіт МЕКЕЕВ