Биыл Еңбекшіқазақ ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңадан 4 мектеп салынуда. Аудандық білім бөлімінің бұйрығына сәйкес құрылысқа жауапты тұлғалар тағайындалды. Олар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылыс жұмыстарын көріп қайтты.
Жауапты мамандар ең алдымен Еңбекшіқазақ ауданының Қаражота ауылында қабырғасы қаланып жатқан 300 орынға арналған мектептің құрылысымен танысты. «Компания Строй Индустрия» ЖШС мердігерлік еткен мектеп құрылысы өткен жылдың қазан айында басталған. Жоспарға сай биыл желтоқсан айында толығымен аяқталуы тиіс. Бүгінгі күні мектеп ғимаратының іргетасы мен 1-қабаты жасалып, 2-қабатының қабырғалары бой көтеруде.
Көктөбе ауылдық округіне қарасты Алмалы ауылында да 300 орынға арналған жаңа мектеп салынып жатыр. «Jana Kazakhstan Qurylys» ЖШС мердігер болып табылатын мектеп биылғы жылдың қыркүйек айында аудандық білім бөліміне табысталады. Бүгінгі күні мектеп ғимаратының іргетасы құйылып, қабырғалары көтерілуде.
Еңбекшіқазақ ауданының Сатай ауылында да 300 орынды жаңа мектеп бой көтеруде. Бас мердігер – «Компания Строй Индустрия» ЖШС. Мұндағы мектеп құрылысы сәуір айында басталған. Жыл соңында пайдалануға берілуі тиіс. Бүгінгі күні мектеп ғимаратының іргетасы құйылып, қабырғаларын көтеру жұмысы жүргізілуде.
Ащысай ауылында да 300 орынды жаңа мектептің құрылысы жүруде. Бас мердігер – «Құрылысшы-ТБС» ЖШС. Мектептің іргетасы өткен жылдың тамыз айында қаланды. Бүгінгі күні мектеп ғимаратын көтеру жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш оқу ордасы жыл соңында пайдалануға берілмек.
Ерзат АСЫЛ
Еңбекшіқазақ ауданы