Биылғы жылдың басынан облыстық музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейінде республикаға танымал ақын-жазушылармен «Поэзия патшалығында» атты циклды әдеби кездесулер өткізу қолға алынғаны белгілі. Ақиық ақынның артынан ере шыққан қаламгерлердің есімін оқырманға кеңінен таныстыру, шығармаларын насихаттап, кейінгі жас буынға үлгі ету мақсатындағы шараның бұл жолғы қонағы – көрнекті ақын, драматург, аудармашы, сазгер, «Платина Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Исраил Сапарбай болды.
Ауылға алыс-жақыннан келген қадірлі қонаққа құрмет көрсету адами құндылықтың ең мәртебелісі деп білетін қарасаздықтар белгілі қаламгерді ақын музейі алдынан ағынан жарылып қарсы алды. Меймандар Мұқағали Мақатаевтың ескерткішіне гүл қойып, ақын рухына тағзым етті.
Кеш қонақтары музей ішіндегі құнды жәдігерлермен танысты. Жырсүйер қауымның сүйіктісіне айналған қарымды қаламгердің шығармашылық, отбасылық өмірі жайлы музей қорына тыңнан қосылған фотокөрме көпшіліктің көзайымына айналды.
Кездесу келесі кезекте музейдің жиын залында жалғасты. Шараны Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бақыт Беделхан ашып, жиналған қауымды ақынның өмірбаянымен қысқаша таныстырды.
Исраил Сапарбай – 1941 жылы 15 мамырда Өзбек КСР-інің Самарқан облысында өмірге келген. Алғашқы өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» деген ұжымдық жинақ арқылы жарық көрген. 70-ке тарта ән мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» сияқты драмалық шығармалары театр сахналарында үзбей қойылып келеді. Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының, тәуелсіз «Платина Тарлан» сыйлықтарының иегері.
Әдеби кеште алғашқы сөздің тізгінін ұстаған Алматы облыстық музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов «Поэзия патшалығы» аталатын шараның мән-маңызы туралы баяндады. Бүгінге дейін жүзеге асырылған жұмыстар мен алдағы жоспарларын таныстырды. Мұқағали музейіндегі ақындардың кездесуі алғаш ауданнан басталған. Одан облысқа жалғасқан. Бүгінде республикалық мәртебеге ие болып отырған игілікті істің болашағы зор. Мақсат-міндеті айқын. Алғаш ақын Ғалым Жайлыбайдан басталған кездесу алдағы уақытта республикаға танымал қаламгерлердің легіне жалғасатын болады. Сөйтіп, оқырман қауым қазақ әдебиетінің бүгінгі таңдағы көрнекті тұлғаларымен қауышып, шығармаларын өз ауыздарынан тыңдайды. Төл әдебиетіміздің өткені, бүгіні, келешегі жайлы айтылар әңгіме, шертілер сырға қанығады. «Поэзия патшалығының» тағы бір ерекшелігі, кездесу құрметіне ие болған ақындар «Мұқағали музейінде өлеңі оқылған ақын» деген төсбелгімен марапатталады. Қолға алынып отырған шараның музей қорының байи түсуіне өзіндік септігін тигізетіні анық. Сондай-ақ, шараға Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан да қолдау көрсетілетінін айтқан орынды.
Келесі кезекте мінбеге көтерілген Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қанат Әбілқайыр шақыруды шын ықыласымен қабылдаған Исраил ақынға көптің атынан алғыс айтты. Бұл Аспантау өңірінің барша тұрғындарына көрсетілген құрмет деп түсінетінін жеткізді. Зор денсаулық, шығармашылық табыстар тіледі. Өзінің жуырда ғана жарық көрген «Ақыраптағы аты жоқ адам» атты кітабын сыйлады.
– Мұқағали ағамның музейінде өзіммен кездесуге арналған кешке шақыру алғанымда қуанышымда шек болған жоқ. Ақынның рухы қолдағаны шығар, бір жағы жас келгендік, бір жағы аздап сыр бере бастаған денсаулығымдағы ақаудан бір мезет айыққандай күй кештім. Еш ойланбастан шақыра барған азаматтарға ілесіп, жолға шығып кеттім. Таулы өлкенің сұлу табиғаты бойымды баурағаны сонша, 350 шақырым жолды артқа қалай тастағанымды, Қарасазға қалай тез келе қалғанымды білмей де қалдым, – деген Исраил ақын өз ойларын көпшілікпен бөлісті. Өзі пір тұтатын ақынмен болған алғашқы кездесуі, алған әсері жайлы әңгіме өрбітті.
– Қарасазға бұл екінші рет келуім. Осыдан оншақты жыл бұрын оқушылардың мүшәйрасына қатысып, қазылық жасағаным бар. Бірінен-бірі өтіп, ақиық ақынның рухын аспандатқан оқушылардың өнеріне тәнті болдым. Тауы да, бауы да, суы да, нуы да бар мынандай өлкеде ақын болмау мүмкін емес. Мұқағали ақынның да поэзияның биік шыңын бағындыруына осынау туған өлкесінің сұлу табиғаты, тау мінезді адамдары себеп болғанына күмәнім жоқ, – деп ағынан ақтарылуы көптің жүрегіне жол тапты. Ақын кездесудің өн бойында өз өлеңдерін оқуды мақсат еткен жоқ. Бір-екі өлеңмен ғана шектеліп, қалған бөлігін көпшілікпен ашық сырласуға, емен-жарқын әңгімелесуге арнады. Ақын ағасына арнап жазған «Тәңіртау» атты дастанының туындау себебіне де қысқаша тоқталып өтті. Сөз соңында «мұңын да, сырын да жүрегінің түбіне жасырмай айтып өткен Мұқағали ақынның рухы бәрімізді қолдай берсін», – деген ақ тілегін жеткізді.
Ақыннан кейін сөз алған Қарасаз ауылының Көшербай Қазыбаев, Әбдіш Сұлтанаев сияқты көкірегі ояу, көзі ашық азаматтары жүректі жарып шыққан шынайы ықылас-ниеттерін білдірді.
«Амалым қанша?», «Махаббат мәңгі ертегі», «Мен қазақ қыздарына қайран қалам!» атты әндерді бүгінде бүкіл халық болып айтатыны белгілі. Алайда, халықтың сүйікті әуеніне айналған осынау шығармалардың сөзі де, әні де Исраил Сапарбайдікі екенін екінің бірі білмеуі бек мүмкін. Ал, шындығы солай! Қарасаз өнер мектебінің мұғалімі Дархан Қырықбаев орындаған осынау әндер осы күні мәнімен де, мақамымен де қалың қауымды тағы бір желпіндірді. Кеш соңында облыстық музейлер бірлестігінің басшылары ақынның арқасына шапан жауып, басына бөрік кигізді. «Мұқағали музейінде өлеңі оқылған ақын» деген мәртебе беріп, өңіріне осы аттас төсбелгі тақты. Сөйтіп, «Поэзия патшалығында» елдің есінде ұзақ сақталатын тағы бір шарапатты шара өзінің атақ-абыройына сай аталып өтті.
Жұмабек Тұрдиев
Райымбек ауданы