Жамбыл ауданында 243 мемлекеттік қызметші бар. Жауапкершілігі жоғары, ауыр да абыройлы міндет иелері түрлі салада өздеріне жүктелген жұмыстарды атқаруда.
Олар аудан әкімінің және 24 ауылдық округ әкімі аппараттарында, сонымен қатар аудандық деңгейдегі 11 бөлімде еңбек етеді. Мұнда ер-азаматтарға қарағанда әйелдердің саны айтарлықтай басым. Мәселен, мемлекеттік қызметтегі ерлер 98 болса, олармен иық тіресе 133 нәзік жан маңызды істі өз мойындарына алған. Олардың жұмысқа қабылдануы, қызметте өсуі «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес жүргізіледі. Биыл мемлекеттік органдардың бос лауазымдарына 27 хабарландыру жарияланып, нәтижесінде лайықты деп танылғандар анықталды. Хабарландыру бойынша ішкі конкурсқа – 8, ал жалпы конкурсқа 19 үміткер қатысып, барлығы да оң нәтижеге қол жеткізген. Сондай-ақ меритократия қағидасына сәйкес төменгі лауазымнан жоғары лауазымға 9 азамат өтіп, оның екеуі басшылық орындарға тағайындалды.
Кәсіби мерекеде аудан әкімі Нұрлан Ертас мемлекеттік қызметшілерді арнайы құттықтап, Алғыс хатпен марапаттады.
Салтанатты шарада мемлекеттік қызметтің маңызына тоқталып, бұл істің ел дамуында атқарар рөлін атап өтті. «Мемлекеттік басқарусыз кез-келген қоғамның бірлігі бекемделіп, әлеуеті артып, тұрақты дамудың даңғыл жолына түсуі мүмкін емес. Өйткені мемлекеттік қызметші – елдік саясатты алға жылжытатын негізгі қозғаушы күш. Мемлекет мүддесін биік қойып, асқақ мұраттарға жету жолында адал қызмет ету – әрбір азаматтың парызы. Осы орайда, мемлекеттік қызметшіге артылар жауапкершілік те, қойылар талап та өте жоғары», – деді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы