“Түркістан мақамдары” атты республикалық жыршы-термешілер байқауында Райымбек аудандық «Хан Тәңірі» театрының жетекшісі, дәстүрлі әнші, жыршы-термеші Ербақ Құрметжанұлы бас жүлдені иеленіп, ел мерейін үстем етті.
Ербақ Құрметжанұлы 1991 жылы наурыз айының 7 жұлдызында ҚХР Іле аймағы Мұңғұлкүре ауданында дүниеге есігін ашқан. 2014 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне актер мамандығы бойынша оқуға түскен. 2018 жылы жоғары оқу орнын аяқтап, еңбек жолын Бикен Римова атындағы драма театрында бастаған. 2019 жылы наурыз айында Павлодар облысы, Успен аудандық Мәдениет үйінде музыкалық және көркемдік жетекші қызметтерін атқарған. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап Райымбек ауданындағы «Хан тәңірі» жастар театрының жетекшісі және Текес балалар өнер мектебінде оқытушы болып жұмыс істейді.
Ол бұдан бұрын да бірнеше байқауда жүлделі орындарға қол жеткізген. Атап айтсақ, “Қаныштың ұнатып айтқан әндері” атты Қ.Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойына арналған облыстық дәстүрлі әншілер байқауында екінші орын алған. “Кәнеки, тілім сөйлеші” атты байқауда бас жүлдеге ие болған, Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлігінің облыстық сайысында да топ жарған.
Жүлдегер атанған жерлесіміздің ұлттық өнерді ұлықтауға қосып жатқан үлесі зор. Ербақ Құрметжанұлының жеңісті күндері көп болсын!
Ақерке Бижан,
Райымбек ауданы