Елімізде атом электр станциясын салу мәселесіне байланысты референдум биыл күзде өтеді. Бұл туралы бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Ақордада 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты жиында сөйлеген Мемлекет басшысы елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік барын, оны тиімді пайдаланған жөн екенін айтты.
“Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды” деген Қасым-Жомарт Тоқаев қазір жан-жақты талқылау болып, әртүрлі пікір айтылып жатқанын айтып, бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдарын да белсене атсалысуға шақырды.
Президент АЭС салу немесе салмау мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн екенін былтыр қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында айтқан.
Үкімет АЭС-ті Балқаш көлінің маңына, Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылына жақын тұсқа салуды жоспарлап отыр.
Бірқатар сарапшылар шағын АЭС салу керектігін алға тартса, тағы бір топ ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды.