Ұлттық бірыңғай тестілеу – оқушылардың білім ордасында 11 жыл алған білімі сараланатын сынақ. Одан сүрінбей өту – әрбір мектеп бітірушінің басты арманы. Күні кеше өткен сынақ қорытындысында Талғар ауданы Қарабұлақ ауылындағы №22 орта мектептің түлегі Жаннұр Еңсебек ең жоғарғы 140 балды жинап, алтын ұясының ғана емес, облыстың абыройын асқақтатты.
Болашақта IT маманы болғысы келетіндіктен ол математика мен информатика пәндерін таңдаған. Жаннұр тестілеу нәтижесін білгенде қатты қуанғанын, басты межені бағындыруды мақсат тұтқанын жасырмады.
Ол бұл жетістікке әрбір күнін бос өткізбей, білім алуға арнап, тынбай еңбектенгенінің арқасында қол жеткізді. Анасы Жанар Әубәкірованың айтуынша, соңғы бір жыл көлемінде баласының үйде ештеңеге алаңдамай, тек сабаққа дайындалуына мүмкіндік жасалған. Сонымен бірге «Juz40» білім беру орталығында дайындығын пысықтауы мен №22 мектеп ұжымының көмек-қолдауы да себеп болған. Бұған дейін қаңтар айында өткен тестілеуде 121 және наурызда 137 балл иеленген. Жаннұр бала кезінен логикалық ойындарды ұнатады. Шахматтан да айтарлықтай жетістіктері бар. Кубик-рубикті 20 секундта құрап үлгеретіні де таңдай қақтырады.
Бұған дейін «Juz40» білім беру орталығының жетекшісі Жұлдызай Мұсаева биыл аталған орталықта дайындалып, ҰБТ-дан 140 балл еншілеген түлектерге «Hyundai Sonato» автокөлігін тарту ететінін және жоғары нәтижеге қол жеткізгендерге түрлі сыйлықтар берілетінін айтқан. Орталық жетекшісі уәде еткен көлік Жаннұр Абзалұлына бұйырмақ. Ол ата-анасымен бірге барып, ұнатқан түсін таңдап алады.
– Жаннұрдың мектеп табалдырығын аттағаны күні кеше ғана сияқты еді. Міне, енді ҰБТ-дан 140 балл алып, төбемізді көкке жеткізіп отыр. 1-сыныпқа қабылданып, әріп танып, қолына қалам ұстап жазуды үйрене бастаған кезден-ақ білім алуға деген құштарлығын аңғартқан болатын. Өте намысшыл, ізденімпаз шәкіртімнің бірі. Мен Жаннұрдың көздеген арман-мақсатына жеткізуіне тілектеспін, – дейді алғашқы ұстазы Гүлнара Бархударова қуанышын жасыра алмай.
Біз де арманы асқақ Жаннұрдың әлі талай асуды бағындырарына кәміл сенеміз.
Айжарық Көптілеуов