Қарапайым отбасынан шығып, білімі мен ізденісі арқылы әлемнің озық университетерінде оқып жатқан қазақ жастары жетерлік. Солардың бірі – Іле ауданы Қоянқұс ауылындағы №47 орта мектептің түлегі Тамирлан Жайырбай. Талапты жастан өзге елде бастан кешірген қызықтары мен қиындықтары туралы сұрап, әңгімеге тартқан едік
– АҚШ-қа оқуға қалай және қашан түстіңіз?
– Шетелге оқуға түсуіме ағам себеп болды. Ол маған 5-сыныптан бастап FLEX және өзге де бағдарламаларды таныстырып, үйрете бастады. Әрине, алғашында тіл меңгеру оңайға соқпады. Үйде отырып, түрлі әдістерді қолданып, өз бетімше көп іздендім. Кино туындыларын ағылшынша көруге, әндерді сол тілде тыңдауға дағдыландым. Міне, осындай тыңғылықты дайындықтың арқасында көздеген мақсатыма жеттім. 10-сыныпта бағымды сынап, емтихан тапсырдым. Нәтижесі ойдағыдай болып, әлемдегі танымал оқу орындарының бірі – Нью-Йорк университетіне оқуға түстім. Қазір режиссура бағытында білім алып жатырмын.
– Америка елдері мен біздің мемлекет арасында қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?
– Әр елдің өзіне тән ерекшеліктері болады. Менің байқағаным, америкалықтар бір-біріне салқынқанды қарайды екен. Мәселен, шетелдегі білім ордасына бірінші күні келгенімде 3-4 баламен таныстым. Олар маған оқу орнының ішін аралатып, қыр-сырын баяндап, ортақ тақырыпта пікір алмастық. Бірақ келесі күні кешегі дос санаған жастар мені таныған жоқ. Әрине, көңілге тимейді емес, тиеді. Себебі біздің елімізде алғаш жолыққан адам бірінші күні – таныс, екінші күні – дос, үшінші күні – бауырыңдай болып кетеді емес пе!? Мұндай қарым-қатынасқа жүре-жүре етің де үйренеді екен.
Білім жағынан екі елдің жүйесі екі бөлек. Оқу орнының табалдырығын аттаған күннен бастап бұл өзгешелікті бірден сезіне бастадым. Біздің елдегі білім жүйесінде арнайы бекітілген сабақ кестесі бар емес пе?! Ал Америкада сабақ кестесін бекіту өз еркіңде. Оқудың бірінші күнінен бастап үлгілі студенттердің қатарына ендім. Кей тұстарда ағылшын тілін оларға қарағанда жақсырақ білдім десем де болады. Оған себеп, олар ағылшынша жақсы сөйлегенімен, ережені қолдануы мен грамматикасы ақсап тұрды.
Бір жыл америкалық отбасының шаңырағында тұрдым. Олар үй ішінде де аяқ-киммен жүреді. Мен тұрған отбасы да ит асырайтын. Олар үй жануарын өзінің отбасы мүшесіндей жақсы көреді. Одан бөлек демалыс күндерімізді де бірге өткізетін едік. Кешке кино көріп, ас ішіп немесе серуендеуге шығып келетінбіз. Ол адамдармен бір шаңырақ астында тұру мен үшін өте қызық болды. Әрине, барлық отбасы бірдей деуге келмейді. Себебі бағдарлама бойынша барған өзге балалардың отбасы менікінен өзгеше болды.
– Сіз «FLEX» бағдарламасымен шетелге оқуға түстім дедіңіз. Сіздің ізіңізбен еріп оқуға түсуге ынталанған жастар бағдарлама жайында не білу қажет, сол жағын тарқатып берсеңіз?
– FLEX бағдарламасымен шетелде оқимын деген азаматтардың жасы 15-17 жас аралығында болу қажет. Қазақстан Республикасының азаматы болуы міндет. Бағдарлама бойынша іріктеу 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде адам өзі жайлы анкета толтырады. Яғни өз тұрғылықты мекенін, ұлтын, білім ордасын, оқу үлгерімін жазады. Кейін анкета соңындағы 3 эссені жазбаша жазып өткізуі қажет. Екінші кезеңде ағылшын тілінен тест тапсырады. Тест сұрағы қатты қиын болған жоқ, тіпті А2, В1 ағылшын деңгейіндегі оқушылардың тапсыруға мүмкіндігі бар. Одан кейін үшінші кезеңде тағы да эссе жазу тапсырылады. Сонымен қатар америкалық департаментпен жеке сұқбат болады. Кейін 3 кезеңге қатысушы жартылай финалистерді бір орынға жинап, топқа бөліну арқылы ойындар ойнатылады. Топ жарған бір немесе екі азамат жеңімпаз атанып, шетелге оқуға жолдама алады.
– Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?
– Болашақ жоспарларым жайлы нақты айта алмаймын. Себебі, әлі таңдау үстіндемін. Ол жақта тұрақтап қалу немесе жұмыс істеу әлі жоспарда жоқ. Мен шетелде білім алғаннан кейін, Қазақстанға қайта оралып, елімді көркейтуге атсалысқым келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Бағдат Шойбас