Облыс әкімдігі төтенше жағдайлар департаментімен, Ұзынағаш ауылының №28237 азаматтық қорғаныс әскери бөлімімен және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп, шомылу маусымы кезінде адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
Күшейтілген жұмыс нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда адам өлімі 6 жағдайға төмендеген. Оның ішінде балалар өлімі тіркелмеген. Биыл департамент қызметкерлері 11 адамды өлім аузынан алып қалған. Сонымен қатар шомылу орындарында жүйелі түрде рейдтер, халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Соған қармастан біздің облыс Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда су айдындарында адам өлімі бойынша алдыңғы қатарда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, подполковник Ералы Разақұлов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, шомылу маусымы басталғалы 2 адам өлімі тіркелген. Негізгі себептердің бірі – тыйым салынған жерлерде шомылу. Осыған орай рұқсат етілген демалыс орындарын ұлғайту мақсатында облыс әкімдігі төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, шомылуға рұқсат етілген орындарды 7-ден 103-ке дейін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізген. Оның ішінде 7 коммуналдық және 96 жеке жағажай бар. Сондай-ақ бүгінгі күні облыстық мәслихаттың «Ортақ су пайдалану қағидаларын белгілеу туралы» шешіміне сәйкес шомылуға тыйым салынған орындарды айқындау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Осы іс-шара аяқталғаннан кейін тыйым салынатын жерлерге ескерту қауіпсіздік белгілері орнатылады.
«Облыс орталығын дамытудың кешенді жоспарында» 2024-2026 жылдар аралығында облыс аумағында төтенше жағдайлар департаментінің құтқару стансасы мен 4 мобильді құтқару бекетін салу жоспарланып, оған 311 млн теңге бөлінген.
Аталған шаралардан бөлек, Қапшағай су қоймасының су айдынында бейнекамераларды орната отырып, азаматтардың қауіпсіздігін қашықтықтан мониторингтеу жүйесін орнату мәселесі пысықталуда.
– Облыс аумағында ірі және ашық су қоймалары өте көп. Ескеретін жайт – бұл орындар суға түсуге арналмаған. Рұқсат етілген орындар – Қапшағай су қоймасы жағалауында орналасқан коммуналдық жағажайлар. Сондай-ақ мас күйінде, денсаулығында ақауы бар адамдарға суға түсуге қатаң тыйым салынады. Кейбір жағдайда жүрек соғуының жиілеуі салдарынан адам тұншығып, суға батып кетуі мүмкін.
Көбіне жағалаудың маңында тұратын балалар ересектердің қадағалауынсыз шомылуға келеді. Біз оларды анықтаған жағдайда үйге қайтаруға тырысамыз немесе шомылу ережелерімен таныстырамыз. Балалармен шомылуға барлық жағдай жасалған, рұқсат етілген жағажайларға ғана баруға кеңес береміз. Жасөспірімдер топ болып барған жағдайда оларды қадағалайтын кем дегенде бір ересек адам болуы тиіс. Балаларға қатысты жазатайым оқиғалар көп жағдайда олардың қараусыз қалуы себебінен орын алады. Бұл бағыттағы жұмыс қатаң бақылауда және шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады, – деді Ералы Разақұлов.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА