Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы мән-маңызына тоқталып, журналистердің Қонаев қаласындағы өзекті мәселелерге байланысты қойған сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ осы салада тер төгіп жүрген қызметкерлерге ризалышығын білдіріп, Алғыс хат пен сый-сияпатын табыстады. Олардың қатарында «Өлке тынысы» ЖШС, «Жетісу», «Хабар», «24» телеарналары мен «Todayinfo» ақпараттық агенттігі және өзге де БАҚ өкілдері болды.
Марапаттау рәсімінен кейін тілшілер «Sun City» және «Аристократ» тұрғын үй кешендерін аралап, атқарылған жұмыстармен, тұрғындардың жағдайымен танысты. «Sun City» кешені 4-шағын ауданда орналасқан. Бұл тұрғын үй 12 қабаттан, 3 бөліктен тұрады. Жалпы ауданы – 23 000 шаршы метр, мұнда 360 пәтер бар. Ғимарат «KazSMU» ЖШС-нің қаржысына тұрғызылып жатыр. Ал «Аристократ» кешенінде 552 пәтер қамтылған. Жалпы ауданы – 54,5 мың шаршы метр. Биыл аумағы 10,9 мың шаршы метрді құрайтын бес блокты пайдалануға беру жоспарланған. Ғимаратты салушылар – «R & M Constraction» және «АРИСТОКРАТ» ЖШС.
Қазіргі таңда бюджет қаржысына 10-шағын ауданда 180 пәтерлі 3 тұрғын үй салынып жатыр. Сондай-ақ әрқайсысы 60 пәтерлік 9 көпқабатты үйдің сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. «Алдағы жылдары 31 көпқабатты үй тұрғызу жоспарланған. 2050 жылға есептелген Бас жоспарға сәйкес 2 538.2 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру көзделіп отыр», – деді құрылыс бөлімінің бас маманы Самал Тасқалиева.
Бұдан кейін журналистер бұқаралық спортты дамытуға арналған «Кроссфит» алаңына барды. Мұнда шағын футбол, баскетбол, воркаут алаңдары орналасқан. Тапсырыс беруші – қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі. Құрылыс жұмыстары былтыр басталып, биыл аяқталады деп күтілуде. Нысанның жалпы аумағы – 1 гектардан астам. Алаңның әрін жасыл аймақ пен шағын сәулеттік нысандар келтіріп тұр.
«Бұл жерде жұрт демалуға әрі денешынықтырумен айналысуға арналған спорт шараларын ұйымдастырмақпыз. Қонаевта жылына 300-ден астам түрлі турнир, жарыстар, додалар өтеді. Спортсүйер қауымның да саны жыл санап артып келеді. Әсіресе, ашық алаңда ұйымдастырылатын шаралардың көрермені қалың», – деді мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Бибігүл Шайкенова.
Бұдан бөлек, БАҚ қызметкерлері жаңадан ашылған №5 қалалық жағажайды аралап шықты. Демалыс орнының аумағы 2,7 гектарды алып жатыр. Мұнда футбол, волейбол, уоркаут, балалар ойын алаңдары, үстел теннисі орнатылған. Суға түсетін орын мен дәретхана, шатырлар, пирс, жасыл аймақ, бизнес нысандары, балалар бассейні, автотұрақ та бар. Құтқарушыларға арналған 2 орын қойылған.
Жергілікті мамандардың сөзінше, қалада туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Былтырғы шомылу маусымында 1,2 млн адам келсе, биыл оның саны екі есе өсуі мүмкін деген болжам бар. Осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады.
Өз тілшіміз