Елімізде IT мамандарына сұраныс артуда. Сол себепті өңірдегі цифрлық технологиялар басқармасы IT қауымдастықты дамытуға ден қойған. Бұл туралы цифрлық технологиялар басқармасының цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Олжас Артықбай мен өңірлік менеджер Айгүл Бақал баяндады.
Спикердің айтуынша, облыстағы алғашқы инновациялық орталықтың ашылғанына екі айға жуықтады. «Alatau hub» – озық ойлы жастарды біріктіретін заманауи орта. Бүгінде мектеп оқушылары мен студенттердің білімдерін жетілдіруге бағытталған No code/Low Code, Freelance School, Startup Academy, Beta Career курстары жұмысын бастауда.
«Мемлекет басшысы биылғы жолдауында халықаралық Astana Hub технопаркінің тәжірибесін аймақтарға тарату маңызды екенін жеткізді. Біздің Alatau Hub-14 аймақтық хаб. Қазіргі таңда өңір тұрғындарына IT саласының маңыздылығын түсіндірудеміз», – деді Олжас Артықбай.
Қазіргі таңда облыстағы аймақтық хабта 20 жұмыс орны бар. Ашылғанына аз уақыт болғанына қарамастан Google Developers Group, USAID, Digital Nomads сияқты серіктестермен бірге әртүрлі бағдарламаларды іске асыруда. Бұдан бөлек, хабта 80-нен астам адам қатысқан Aqyl Battle, It Quiz, Speaker Talks сияқты түрлі іс-шаралар өткізілді.
Орталықтың менеджері Айгүл Бақалдың сөзіне сүйенсек, жастардың IT саласына қызығушылығын арттыру мақсатында «Alatau Hub» жазғы лагерін ашуды жоспарлауда. Жазғы дамыту орталығына IT саласына қызығып, біліктілігін арттырамын деген 17 жастан асқан азаматтар қатыса алады.
«Лагерде IT салаcының қыр-сыры, жаңа бастамалар мен түрлі бағдарламалар талқыланады. Еліміздің үздік мамандары келіп, тәжірбиесімен бөліседі.Лагерьге өтінімдер келесі аптаға дейін қабылданады», – деп қортындылады спикер.