Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов бөлім басшыларымен бірге Шеңгелді ауылдық округін аралап шықты. Бұл туралы Қонаев әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ең алдымен ол күрделі жөндеуді қажет ететін №2 сорғы станциясының жолын көрді. Ауыл шаруашылығы техникалары ары-бері жүріп, автожол жарамсыз күйге түскен. Қала әкімі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына жоба жасауды, ол дайын болғанша уақытша шешім табуды тапсырды.
Асхат Бердіханов барған келесі нысан Қосқұдық ауылындағы ескі мектеп болды. Мұнда былтыр жаңа оқу ошағы қолданысқа берілген. Енді бұрынғы мектепті шағын балабақша жасау көзделіп отыр. Ол үшін әжетхана, асхана, жатын орын дайындалып қойған. Бір ғана мәселе – едені отырып кеткен спорт залды жөндеу. Шаһар басшысы ауыл әкімі Мақсат Жазиевке мектеп басшылығына көмектесіп, проблеманы жоюды тапсырды.
Сондай-ақ Асхат Бердіханов білім ордасының екінші ғимаратын ауыл тұрғындарының игілігіне беру керек екенін атап өтті.
«Ауыл халқымен кездесуде мәдени орталықтың қажеттілігі жайында сұрақ көтерілді. Сол үшін ғимаратты қолданысқа берейік. Білім бөлімінен қала әкімдігінің аппаратына балансқа алайық. Шаштараз, тігін орталығын ашамын дейтіндер болса, оларға да кабинет тауып беру керек. Жұртшылықтың өзін-өзі жұмыспен қамтығаны өте дұрыс», – деді әкім.
Шаһар басшысы назар аударған келесі түйткіл – ауыл тазалығы болды.
«Таза Қазақстан» эконауқаны өтіп жатыр. Ал мектептің маңайы ретсіз дүниеге толып кеткен. Акция аясында сенбілік жасап, елдімекенді қоқыстан тазартыңыздар», – деп тапсырма берді Асхат Бердіханов.
Содан кейін әкім Ақөзек ауылына барды. Мұнда селден қорғайтын екі көпірдің іргесі отырып кеткен. Жағдайды көрген Асхат Бердіханов көпірді жөндеуден өткізген мердігер компанияны қайта шақыртып, ретке келтіруді тапсырды.