22-25 маусым күндері Иорданияда жасөспірімдер арасында еркін күрестен Азия чемпионаты өткен болатын. Аталған жарыста ел намысын қорғау үшін сынға түскен Райымбек ауданының спортшысы Ибраһим Ысқақбек қола жүлдеге қол жеткізді.
Жас та болса дүбірлі додада топ жарған Ибраһим Ысқақбек 2008 жылы Нарынқол ауылында дүниеге келген. 7-сыныпқа дейін Б.Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназияда білім алған, қазіргі таңда «Шаңырақ» спорт мектебінде оқиды. Бала кезінен спортқа құмартқан жасөспірім күреспен 2- сыныптан бастап шұғылданған. Еркін күреске деген ептілігі ерте жастан танылды. Ел ішіндегі талай жарыста топ жарып, мықтылығын дәлелдеді. Ол осыған дейін еркін күрестен облыс және Қазақстан чемпионы атанған. Міне, енді Азия чемпионатында да жүлдегерлер қатарынан көрініп, 51 келі салмақ дәрежесінде қола медаль иеленіп, мерейімізді асырды.
Ибраһимның алдағы мақсаты – Олимп шыңын бағындыру. Жетістікке жеткен әр спортшының артында білікті бапкердің ерен еңбегі жатқаны белгілі. Жүлдегер жігіттің алғашқы тәлімгері – Руслан Сәретбаев. Ибраһимді бала кезінен шынықтырып, бетінен қақпай, белін буып, арнайы спорт мектебіне аманаттаған да Руслан болатын. Жас балуанның қабілетін шыңдаған келесі жаттықтырушысы – Жеңіс Дауытов. Спортшының бабын келістіріп, жаңа әдістер арқылы шеберлігін шыңдаған бапкерлеріне Ибраһимнің айтар алғысы шексіз.
Жеңімпаз жерлесімізге спорт саласында толағай табыстар тілейміз. Жалынды спортшының алар асуы алда екеніне сенеміз.
Ақерке Бижан,
Райымбек ауданы