Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Ақтасты, Тасашы ауылдарының тұрғындары алдында есеп берді. Онда өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен таныстырып, биыл атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Кездесуді Кеген аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Тәліпов жүргізіп отырды.
Ақтасты ауылында өткен есептік кездесуде аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы тұрғындар тарапынан 17 мәселе көтерілгенін, оның 4-еуі орындалып, 13-і орындалу үстінде екенін жеткізді. Былтыр әр сала бойынша халықты толғандырған 193 мәселенің картасы дайындалып, сол бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын да алға тартты аудан басшысы. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 212 жобаның құжаты «Қонаев» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жолданғанын, бүгінге дейін 152 кәсіпкер 1 млрд 256 млн теңге көлемінде несие алып, 25 жоба оң қорытынды алғанын, 35 жоба облыстық комиссия қарауында жатқанын айтты.
Бұдан әрі жиын сұрақ-жауапқа ұласып, тұрғындар өздерін мазалап жүрген мәселелерді ортаға салды. Атап айтар болсақ, онда Ақтасты елдімекеніне көше жарық шамдарын орнату, ауызсу, жер жайы көтерілді. Барлық сұраққа жауап берген Нұрбақыт Молдахметұлы бұл мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін және тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Кездесуден соң аудан әкімі азаматтарды жеке қабылдап, ауыл тұрғыны Қанат Әлиасқаровтың жерге қатысты өтінішін назарға алды. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысына аталған мәселені бақылауға алып, заң шеңберінде шешуді тапсырды.
Ары қарай есептік кездесу Тасашы ауылындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Онда аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев өткен кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігінің шешімін тапқанын тілге тиек етті.
– Бүгінгі таңда 11 елдімекендегі ауызсу мәселесін шешу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұның ішінде 6 елдімекен, яғни Жаңа Тасашы, Кеген, Түменбай, Шыбышы, Жылысай, Мойнақ ауылдарында ауызсу жүйесінің құрылысын салу және қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Оның екеуі бойынша мемлекеттік сараптама шыққан. Жаңа Тасашы және Түменбай ауылдары үшін облыстық басқармаға бюджеттік өтінім берілді және биыл 5 елдімекен, демек Жалағаш, Тоғызбұлақ, Жалаулы, Сарыкөл, Ұзынбұлақ ауылдарына ауыз су жүйесінің құрылысын салу үшін жобалық сметалық құжаттарын жасауға 105,2 млн теңге бөлініп, зерттеу жұмыстары басталды, – деген Нұрбақыт Теңізбаев әр салаға жеке-жеке тоқталып, биыл атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндады.
Есеп беру барысында аудан басшысы ауызсу, құрылыс, жерді тиімді пайдалану, ирригациялық жүйелер, жұмыспен қамту, шағын несие беру, денсаулық сақтау, білім беру сияқты барлық сала бойынша толыққанды мәліметтер берді. Тұрғындар да өз өтініш-тілектерін ортаға салды. Ауыл тұрғыны Қайрат Несіпбаев ескі Тасашы ауылындағы электр бағаналарының тозығы жеткенін айтты. Өзге тұрғындар жер телімдерін беру, ауызсу мәселесін алға тартып, Сарыкөл елді мекенінде жолдың нашарлығын, интернеттің жоқтығын айтты.
Кездесуден соң аудан әкімі жеке қабылдау өткізді. Онда ауыл тұрғыны Тұрахан Қоңыржанқызы Мәдениет үйіндегі мүгедектерге арналған пандустың күрделі жөндеу кезінде дұрыс жасалмағанын алға тартса, зейнеткер Нұрқас Ысқақов жер құжаттарын рәсімдеу, жерлерді ортақ жайылымға қайтару мәселесін көтерді. Нұрбақыт Молдахметұлы жеке қабылдауға келген тұрғындардың өтініштері ескерусіз қалмайтынын айтып, ол бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы