ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Кузиев және Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Қарасай ауданына жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулыларының басты назары жол сапасы мен әлеуметтік мәселелерге ауды. Облыстық мәслихат хатшысы Қуат Байғожаевпен бірге олар бірқатар нысанды аралады және әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті.
Астаналық меймандар алдымен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының жұмысымен танысты. Мекеме ғимаратындағы дөңгелек үстел басында қызметкерлермен жүздесті. Депутаттар сұрағына филиал директоры Ержан Жасыбаев жауап беріп, басты бағыт – автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғырту, жөндеу, күтіп ұстау жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасына сараптама жасау, жол активтерін басқару екенін айтты. Филиал мамандары көпшілік қолданысындағы барлық жолдарды, оның ішінде жергілікті жолдарды тексерумен айналысады. Кездесуде облыс көлемінде нақты қай жолдар және қанша шақырымы жасалып жатқаны туралы да сөз болды.
Депутаттар одан кейін Алматы-Бішкек жолының 19-шақырымына барды. Мұнда «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Ғани Мұрзаханов істің барысын баяндады. Халықаралық маңызы бар аты әйгілі үлкен жолдың дәл осы тұсында үнемі кептеліс болатыны белгілі. Сол мәселені және жолдың басқа бөліктеріндегі көлік кептелістерін қалай шешу жоспарланып отырғанын айтты. Автожолдың 19-шы және 31-ші шақырымдары аралығында қосымша құрылыстар салып, 6 жолаққа дейін кеңейту, шамамен 6 тұсынан аспалы немесе жерасты жаяу жүргінші өткелдерін салу қажеттігі сөз етілді. Мұндай іске миллиардтаған қаржы қажет. 19-шақырымдағы кептеліс Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы іске қосылғалы бері тіпті ушығып кетті деген де уәж айтылды. Себебі бұл аумақ екі күрежолдың айналма арқылы айқаса түйіскен тұсы.
Депутаттар келесі кезекте Жібек Жолы ауылына барып, теміржол бойындағы бірінші санаттағы үлкен айналма жолының құрылысын көрді. Жалпы ұзақтығы 6,01 шақырымдық аталған жол қауіпті учаскедегі көлік қозғалысын бәсеңдету мақсатында қолға алынған болатын. Өйткені бағдаршам мен шлакбаум арқылы теміржолды кесіп өтетін дәл сол тұста 2019 жылдың қыркүйегінде жолаушылар пойызы мен автобус соқтығысқан қайғылы оқиға болғаны белгілі. Бірінші санаттағы үлкен айналма жолы жобасының құны 25,643 миллиард теңге. Жоба аясында жолмен қатар эстакада, үш көпір, 20 суөткел қарастырылған. Жол негіздемесінің астыңғы және үстіңгі қабаттары төселіп, басқа да алғышарттары жасалған. Қазір тиісті жұмыстың 79 пайызы орындалыпты. Мердігер ұйым – «СП Сине Мидас Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілінің айтуынша, мұнда тамыз айының басында жол қозғалысы ашылмақ, алайда жобаның толықтай жүзеге асырылуы осы жылдың соңында аяқталады деп күтілуде.
Халық қалаулыларының ауданға сапары Қаскелең қаласында қорытындыланды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында олар округ әкімдерімен, жергілікті депутаттармен, денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік сала мекемелерінің басшыларымен кездесті. Мұнда да автокөлік жолдарының сапасы сөз болып, әлеуметтік маңызды мәселелер көтерілді. Мәселен, облыстық агроөнеркәсіптік кешен және мемлекеттік мекеме қызметкерлері кәсіподағының Қарасай аудандық бөлімшесінің төрағасы Сағындық Жылқыбаев Жібек Жолы, Әйтей, Жандосов сияқты бес ауылда Мәдениет үйінің жоқтығын жеткізді. Ол сонымен қатар 400 мыңдай адам тұратын ауданда жастардың бос уақытын тиімді өткізетін орындар ұйымдастырудың қажеттігін, бұл орайда Мәдениет үйлері осы өзекті мәселені шешудің бірден-бір жолы бола алатынын айтты. Ал медициналық «Жедел жәрдем» стансасының өкілі шақыртуларға шығатын санитарлық автокөліктердің жетіспейтінін және ескіргенін сөз етті. Қазіргі кезде стансада 6 көлік бар, тұрғындардың көптігін ескерсек, кем дегенде олардың санын 10-ға жеткізу керек. Сондай-ақ жиында аудан аумағында шағын индустриалдық аймақтар құру жөнінде де әңгіме өрбіді. Бұл инвесторлар тартып, жаңа жұмыс орындарын құруға оң ықпал етері сөзсіз. Осы орайда аудан әкімі Жасұлан Естенов кәсіпкерлік қызметті әрқашан қолдауға дайын екенін білдірді.
Серік Сатыбалдиев,
Қарасай ауданы