Бүгін 4 шілде күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы негізін қалаушылардың бірі болып табылатын Қазақстан үшін бұл саммит аса маңызды. Ұйым ұлттық мүдделер мен аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуде басты рөл атқарады.
ШЫҰ жаңа үлгідегі ең ықпалды халықаралық ұйымдардың біріне, өзекті әлемдік проблемаларды шешуде өзінің әмбебап сипатын бірнеше рет дәлелдеген бірегей аймақтық құрылымға айналды. Жаһандану дәуіріндегі оқиғалардың барысы бірде-бір мемлекеттің қазіргі заманғы сын-қатерлермен нәтижелі күресе алмайтынын айқын көрсетті. Осындай жағдайларда барлық мемлекеттердің келісілген шаралары мен бірлескен күш-жігері ғана тиімді болуы мүмкін.
Қазіргі кездегі барлық елдердің өзекті мәселелері болып отырған лаңкестікпен, экстремизммен және есірткі бизнесімен күрес бойынша қабылданатын құжаттар өз нәтижесін көрсетеді деп үміттенемін. Әсіресе экологиялық, ауыз су, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері де қаралуда. Маған ерекше ұнағаны мәдени, тарихи орындарды насихаттау мен дамыту мәселерінің қозғалуы. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне еліміздің төрағалық етіп отырғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Әлемдегі бейбітшілікті сақтау, геосаяси процесстерді бейбіт жолмен шешу мақсатында көптеген маңызды мәселелер шешілетініне сенімім мол. Әлемде бейбітшілік орнап, болашағымыз жарқын болса екен дейміз.
Станкулова Гульзира,
Алматы облысы Жамбыл ауданының мәслихат депутаты, Аналар кеңесінің төрағасы