Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы әдеп жөніндегі кеңестері Агенттіктің алқалы органдары болып табылады.
Әдеп жөніндегі кеңес өз қызметін “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы”, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына, Ережеге, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады және заңдылық, объективтілік пен әділдік, әдептілік, қоғамдық пікір мен жариялылықты ескеру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қолдану қағидаттарын басшылыққа алады.
Агенттіктің аумақтық органының басшысы лауазымы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы болып табылады, оны Агенттіктің төрағасы лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
Әдеп жөніндегі кеңестің құрамын Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы мен мүшелері құрайды. Мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары мен өзге де адамдар Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері бола алады. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің саны тақ әрі кемінде 7 адамнан құралуға тиіс.
Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес 11 адамнан құралған, олар: облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен мемлекеттік органдардың басшылары. Жалпы кеңес құрамының 70 % қоғам өкілдерінен тұрады.
Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеттері:
1) сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шаралар әзірлеу;
2) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау;
3) әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Әдеп жөніндегі кеңес негізгі міндеттеріне сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындыларын қарау;
2) мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының қорытындыларын қарау;
3) қызметтік әдептің сақталуын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асыру кезіндегі әдеп жөніндегі уәкілдер қызметінің нәтижелерін қарау;
4) тәртіптік практиканы талдау қорытындылары негізінде мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижелерін қарау;
5) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу нысандары мен әдістерін жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;
6) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның, Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның, Агенттіктің ұсынымдарын қарау;
7) қызметтік әдеп нормаларын бұзуға, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берген облыстық департаменттердің басшылары мен орынбасарларына, облыс әкімдігі басқармаларының басшылары мен олардың орынбасарларына, аудандық, қалалық әкімдері аппараттарының басшыларына және аудандық, қалалық әкімдіктердің бөлімдерінің басшылары мен орынбасарларына, сондай-ақ дербес лауазымдағы әдеп жөніндегі уәкілдерге қатысты тәртіптік істерді қарау.
Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысына келетін болсақ жыл басынан Әдеп жөніндегі кеңестің 5 отырысы өткізіліп, 59 мәселе қаралды, оның ішінде 36 тәртіптік іс.
Тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 4 лауазымды тұлға тиісті тәртіптік жазаларға тартылды, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін – 2, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін бұзғаны үшін – 2.
Сонымен қатар, әкімдер мен өзге де басшыларға қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен қызметтік әдеп нормаларын бұзудың профилактикасына бағытталған шараларды жүзеге асыру бойынша Әдеп жөніндегі кеңеспен 30 ұсыным енгізіліп, барлығы орындалды.
Осылайша, Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын қатаң ұстануына, қызметтік тәртіпті нығайтуға бағытталған заңнамамен көзделген барлық шараларды қабылдауда және бұл жалпы халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттырады, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың міндетті шарты болып табылады.
Ұлан Серікұлы Қалжанов,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Алматы облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет саласындағы
бақылау басқармасының басшысы