30 жыл ішінде Астана атауын иеленген елорданың саяси салмағы мен экономикалық әлеуеті, сәулеті ғана түрленіп қойған жоқ, демографиялық келбеті де айтарлықтай өзгерді. Мәселен, 1997 жылы есеп бойынша қалада шамамен 300 мың халық тұрса, қазір бес есеге ұлғайып, 1,5 млн адамға жуықтады. Қала бүгінде жылдық өсім қарқыны еліміздегі ең жоғары өңірлер қатарында тұр. Әрине, бұған астананы көркейтуге атсалысуға елдің өзге аймақтарынан халықтың көшіп баруы әсер етті.
КСРО құлап, ел экономикасы шатқаяқтап тұрған сол бір қиын кезеңде мұндай ауқымды жобаны қолға алу оңай болмады. Жұмыссыздық жайлаған ауылды тастап, қала жағалаған жұрттың қарасы молайды. Халық Алматы сияқты үлкен қалалармен қатар Астананы да бетке алды. Санмен бірге сапа да артты деуге болады. Мысалы, жас мамандар мен отбасылардың көптеп келуіне байланысты қала халқы жасара түсті. Жас отбасылар көбейген соң туу көрсеткіші де артып, аурухана, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарын, мәдени нысандар салу сияқты әлеуметтік міндеттер қойыла бастайды. Басқа этникалық топтармен қатар қазақтардың да үлесі артты. Халықаралық компаниялардың өкілдіктері мен елшіліктердің ашылуына байланысты шетелдіктер де Астанаға атбасын бұратын болды.
Бұл факторлардың бәрі қосыла келе, жалпы алғанда, урбанизация процесін жылдамдатты. Жастық шағы КСРО кезінде өткен қазіргі аға буын сол кезде ауылдан арман қуып Алматыны бетке алатын болса, бүгінде оның қатарына Астана да қосылды. Былайша айтқанда, Астана екінші тартылыс орталығына айналып, қазіргі урбанизация процесінде еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматыға түсетін жүктеме азайды. Әрине, ауқымды, стратегиялық маңызы зор қала салу ісінде түрлі себептерге байланысты кеткен кемшіліктер де болды, олар біртіндеп түзеліп, қалпына келтіріліп те жатыр.
Жалпы, ел астанасын шеткері аймақтан орталыққа көшіру ісі Қазақстан үшін болашақта елдің өзге де қалаларын, өңірлерін дамытуға үлкен тәжірибе, батыл қадам болды деп айтсақ та болады. Мәселен, 2018 жылы халқы көбейіп, 1 миллионнан асқан Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болса, Түркістан қаласы қайта құрылған Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы атанды. Екі қала да өз мәртебелеріне сай көркейіп, дамып келеді. Сол сияқты осыдан екі жыл бұрын 1990 жылдардың ортасында таратылып кеткен Жезқазған облысының орнында орталығы Жезқазған қаласы болып Ұлытау облысы, бұрынғы Семей облысының орнында Абай облысы құрылды. Сонымен қатар Алматы облысы орталығы Қонаев қаласы болып қайта құрылды. Бұдан бөлек, Алматы облысында жаңадан Алатау қаласы, оның шеңберінде арнайы экономикалық аймақ құрылды. Жоспар бойынша, әрқайсысының өз бағыты бар төрт ауданнан құралатын Алатау қаласы 2050 жылға қарай 1,8 млн халқы бар үлкен шаһарға айналмақ.
Әрине, қала салмақ бір ай, тіпті бір жылдың жұмысы емес. Оған орасан зор қаржы, инвестициядан өзге үлкен тәжірибе керек. Ал ондай тәжірибе ширек ғасырда жаңа астана тұрғызған Қазақстанда бар. Тек сол тәжірибені жаңа қалаларды дамытып, көркейту ісінде сауатты қолдануымыз керек.
Айбек Мұқан