Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан және облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев пен Дәулет Жарасбаев келді. Мәртебелі меймандарды аудан әкімі Нұрлан Ертас күтіп алды.
Алматы-Бішкек халықаралық автожолымен келген халық қалаулылары осы трассаның Алматы облысының батыс жақ аумағы аяқталып, Жамбыл облысының жері басталатын нүктесіне дейін барып, жүріп жатқан жол құрылысымен танысты. Жолдың Алматы қаласынан осы жерге дейінгі жайын өз көздерімен көріп, көңілдеріне түйді. Жұмыскерлермен тілдесіп, жұмыстың сапасына назар аударды. Күрежолдың Ақтерек ауылының тұсындағы бұл бөлігі республикалық маңызы бар Ұзынағаш-Отар жолының 101-143 шақырымы болып есептеледі. Мұнда арнайы техникалар мен адам күші жолды қайта жаңартуға жұмылдырылған.
Ауыр техникалар қолданылып жатқан орындарды аралап шыққаннан кейін депутаттар сол маңда орналасқан шағын кеңседе жол салушылармен кездесті. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Ғани Мұрзаханов астаналық қонақтарға істің барысын баяндады. Жол салушылардың жетекшісі аталған учаскеде мұның алдында жұмыс істеген мердігерлермен арадағы келісімшарттың мерзімі аяқталып, күші жойылғанынан хабардар етті. Соған байланысты жаңадан конкурс өткізіліп, қорытындысы бойынша қазір басқа мердігер жұмысты өз мойнына алғанын айтты.
Маңызы үлкен нысанның құрылысына мемлекет бюджетінен 21,81 миллиард теңге бөлінген. Қаржы республикалық бюджеттен және халықаралық қаржы институты – Дүниежүзілік банктен тартылған. Жұмыс 2018 жылы басталған, осы жылы аяқталуға тиіс. Қазіргі кезде 7 шақырымда жұмыс қатар жүргізілуде. Мұндағы жер қазу жұмыстары толықтай бітіпті. Жол жабындылары – 40, суөткел құбырларын қою – 99, ал көпір салу 88,4 пайызға орындалған. Ал жалпы жұмысты белгіленген мерзімінде бітіретіндіктеріне сенімді екенін жеткізді.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның қандай қиындықтар бар деген сұрағына Ғани Мұрзаханов күрежолмен жүйткіген көліктер жұмысқа кедергі келтіретінін жеткізді. Айтуынша, жүргізушілердің көпшілігі өте жоғары жылдамдықпен жүретіндіктен, жұмысшылармен қатар өздерінің өміріне де қауіп төндіреді. Осыған байланысты құрылыс жүріп жатқан тұстарда жылдамдықты шектейтін белгілер орнатылуын сұрады. Мәжілісмен бұл мәселені тиісті уәкілетті орындармен бірлесе шешетіндіктерін білдірді.
Сондай-ақ «АМАНАТ» партиясының мүшелері, жергілікті мәслихат депутаттары мен сала жетекшілері Ұзынағаш-Отар жолының 101-143 шақырымында болды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы