«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Жамбыл ауданының тұрғындары туған өлкенің тазалығына белсенді қатысуда. Экологиялық шара Қарғалы өзенінің бойында жалғасты. Ауыл жастары ұйымшылдықпен іске кірісті. Олардың арасында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, кәсіпорын қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, белсенділер және еріктілер болды.
«AMANAT» партиясының Жамбыл ауданындағы мүшелері де ортақ іске үлестерін қосты. Суықтөбе тауының етегіндегі Қастек өзенінің жағасын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Экологиялық іс-шараға аудандық және облыстық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, ауыл тұрғындары қатысты.
Акцияда 100-ге жуық адам белсенділік танытып, туған өлкенің тазалығын сақтауға атсалысты. Жиналған 1,5 тонна қоқыс арнайы полигонға жөнелтілді.
– «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы осындай шағын елдімекендерде де жақсы жолға қойылған. Мұндай шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Әрбір азамат өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, айналасын таза ұстауды іс жүзінде көрсете білуі керек деп есептеймін», – дейді «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Ықылас Амалбек.
Экологиялық мәселелерді шешу – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған маңызды басымдықтың бірі. «Партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін барлық аудан орталықтарындағы және Қонаев қаласындағы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою міндеті тұр. Онымен қоса, өңірде төрт полигон және кешенді қоқыс тиеу мен сұрыптау алаңы салынбақ. Сондай-ақ барлық ауылдарда қоқысты бөлек сұрыптауға және құрамында сынап бар қалдықтарды жинауға арналған кемінде бір мың контейнер орнатылады», – дейді облыстық мәслихат депутаты Меруерт Молдашева.
Жалпы акция басталғалы бері Жамбыл ауданындағы 61 елдімекенде 80 мыңнан астам адам сенбілікке қатысып, оған 131 мекеме, 2537 орта және кіші кәсіпорын атсалысты. Сәуір айынан бергі уақыт аралығында тазалау жұмыстарымен 3 мұражай, 51 ескерткіш, 29 мешіт, 22 зират және кесене, 253 көше, 80 шақырым арық, 110 шақырым жол мен үй жанындағы аулалар қамтылды. Бұл жұмыстарға 75 бірлік техника қолданылып, 105 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы