Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақта «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының аясында салынып жатқан нысандардың құрылысымен танысу сапарымен Талғар ауданына барды. Жалпы, бұл жоба бойынша ауданда 12 мектеп салынуы тиіс. Қазіргі кезде барлығы 5 700 бала оқитын 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Аймақ басшысы ең алдымен Талдыбұлақ ауылындағы 600 орынды мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Бұл нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан бас мердігер – «Диал-строй» ЖШС. Компания директорының орынбасары Бақыт Рымжановтың айтуынша, бұл жерде қазір бетон құю жұмыстары аяқталған. Енді ішкі әрлеу жұмыстары басталуы тиіс. Оларды жүргізу және жиһазбен қамту бойынша барлық қажетті келісім-шарттар жасалған.
Алайда ә дегеннен облыс әкімі әлі ғимараттың төбесін жабу жұмыстары аяқталмағанын, басқа мектептерде әрлеу жұмыстары әлдеқашан басталып кеткенін, мұнда жұмыс өте баяу жүріп жатқанын айтып, көңілі толмайтынын жеткізді. Мердігер компания өкілі кездескен қиындықтарға байланысты жұмысты қаңтар айында бастағандарын айтып ақталғысы келіп еді, Марат Елеусізұлы басқалар да сол мерзімде бастағанын, қыркүйек айында ауылдың 600 баласы жаңа оқу жылын жаңа да жайлы мектепте бастаймыз деп тағатсыздықпен күтіп отырғандықтарын, сондықтан құрылысты мерзімінде аяқтау қажет деп кесіп айтты.
– Бұл – «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынып жатқан құрылыстардың бірі. Олардың бәрін мемлекет қадағалап, Президент ерекше бақылап отыр. Жұмысты бұлай жүргізуге болмайды, тіпті нашар. Қандай жағдай болса да шешіп, адамдарды көбейтіп, қыркүйекке дейін толық аяқтау керек. Екі аптадан кейін тағы келіп көремін, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Шынында да қазір Алматы аймағындағы ауылдарда халық саны көбейіп, оқушы орындарының тапшылығы қатты сезіліп отыр. 600 орындық бұл мектеп те Талдыбұлақ ауылында жетіспейтін 867 оқушы орнының мәселесін оңынан шешуі тиіс.
Облыс әкімі одан кейін осы аудандағы Қайнар ауылдық округіне қарасты Жаңалық ауылында салынып жатқан 900 орындық мектептің құрылысымен танысты. Оны жүргізіп жатқан бас мердігер «AK Construction» ЖСШ. Компания өкілдері аймақ басшысына атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап, нысан 2024 жылдың желтоқсан айында пайдалануға толық тапсырылатынын жеткізді. Құрылыс жұмыстарын қадағалау үшін барлық нысандардағы сияқты мұнда да аудандық мәслихат депутаты, блогер және қоғам белсенділерінен жұмыс тобы құрылған. Қазіргі кезде мектеп ғимаратының 1-2 қабаттарының балкаларын нығайту, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, 75 адам жұмысқа жұмылдырылған. Мектеп салынып жатқан 2,74 гектар жер телімі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ меншігіне рәсімделген. Мердігерлер сондай-ақ облыс әкіміне нысан табиғи газбен қамтылмағанын, мектепке келетін жолдың да жоқ екенін жеткізді. Бұл мәселе бойынша Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков есеп беріп, Жаңалық ауылына газ әкелу жеке инвестор – «Спец Бренд Строй» ЖШС есебінен жүргізілетін болып, бұл жөнінде ШЖҚ МКК «Алматы ОблГаз Engineering» арасында меморандумға қол қойылғанын, қазірге дейін газ құбыры тартылғанын, 8 шілдеден бастап ауылішілік желілердің құрылысы басталатынын айтты.
Кездесу соңында Марат Елеусізұлы мердігерлерден жұмыс екпінін арттырып, құрылыс нысандарын мерізімінде тапсыруды талап етті. Сапар барысында облыс әкімі Алатау қаласына қарасты Еңбек ауылына ат басын бұрып, мұнда салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылысымен танысты. Мердігерлердің тілек-өтініштерін тыңдап, нақты тапсырмалар берді. Олардың ең бастысы – құрылысты мерзімінде аяқтап, жайлы мектептерді ел игілігіне дер кезінде тапсыру!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы