Шелек ауылында тұратын қаламгер Анарбек Бердібаев бала кезінен өнерге жақын болып өсті. Әуелі, ол сурет салуға талпынды. Ұлы Абайдың жырларын құмарта оқып, одан алған әсерін қағаз бетіне бейнелеуге асығатын.
Ең алғаш ақынның:
«Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың маңы терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп», – деген өлеңіндегі табиғат көріністерін суреттегені, оны мұғалімінің мақтағаны есінен кетпейді. Сөйтіп жүріп бейнелеу өнеріне машықтанды, поэзияға да қалам тербей бастады. Тырнақалды туындылары аудандық газетке жиі жарияланатын.
«Сөйлей-сөйлей шешен, көре-көре көсем боласың» демекші, кезінде жас талапкердің есімі әдеби шығармашылығы арқылы оқырмандарға тез танылды. Ол төселе келе суреттеме, очерк, фельетон жазуға көшті. Мектеп бітірген соң біраз уақыт ауылда құрылысшы болғаны бар. Бірақ ол қаламын қолынан тастамады.
Қабілетті жасты аудандық оқу бөлімі назардан тыс қалдырмады. Қаратұрық мектеп-интернатында тәрбиеші әрі дене шынықтыру пәнінен сабақ берді. Кейіннен ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдап, Шелек аудандық «Еңбек туы» газетіне қызметке орналасады.Аптасына үш рет екі тілде шығатын аудандық басылымның қайнаған ортасында шыңдалды. Аудармамен де айналысты. Жергілікті радио хабарын тарату бөлімінің меңгерушісі болды. Ол, сонымен қатар, редакция мен баспахана бастауыш партия ұйымына жетекшілік етті. Саяси, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Аудандық тұтынушылар қоғамдары одағының басқармасында, Шелек аудандық әкімшілігінде бас маман болып еңбек етті. Өзіне қандай жауапкершілік артылса да, бәрінде ойдағыдай нәтижелерге қол жеткізе алды.
Анарбек Мөкішұлы Шелек ауданы таратылып, Еңбекшіқазақ ауданына біріктірілгенде журналистік қызметін «Еңбекшіқазақ» газетінің меншікті тілшісі ретінде Есікке бармай-ақ, қызметін өз өңірінде жалғастырды. «Тарихшы – көбіне өткенді саралаушы журналист» екенін дәлелдеп, тұлғалар туралы сериялы мақалалары жарыққа шықты. «Жер шежіресі – ел шежіресі» қағидасын да берік ұстанып, бұрмаланған ел мен жер атауларын қайта қалпына келтіру жолында бірқатар деректі мақалалар жазды.
А. Бердібаевтың «Ғұмыр – көш» атты өлеңдер жинағы оқырмандардың көңілінен шықты. Сондай-ақ, ұйғыр ақын-жазушыларының шығармаларын қазақшаға аударды. Мәселен, Жәмшит Розахунов, Исрайыл Розиев, Иминжан Тохтияровтың өлеңдерін, балалар жазушысы Авут Масимовтың «Ақ тышқан», «Айқасқа» атты пьесаларын ана тілімізде сөйлетті.
Ақтаулық композитор Бақытжан Еламанмен бірігіп, «Мектебім», «Шұрайлы Шелегім», «Астанам – Ақ ордам», «Сарбаздар серті», «Қазақ елі», «Бабалар арманы – еркіндік», «Қазақтың ару қызы», «Қимас қалқам-ай!», тағы басқа әндердің сөзін жазды. Оның мақалалары бұрынғы республикалық «Социалистік Қазақстан», облыстық «Жетісу», басқа да басылымдарда жарияланды. Бүгінгі күнде қайта құрылған Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің де белсенді авторы.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Анарбек Бердібаев облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Балалары Олжас пен Айдос «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та оқып, диплом алды. Өз мамандықтары бойынша жемісті қызмет етуде. Алты немере сүйген журналист ағамызға шығармашылық шабыт тілейміз.
Ержан ОМАРОВ,
Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы