Атадан қалған асыл мұраның бірі – қасиетті қара домбыра. Халқымыз үшін киелі саналған музыкалық аспапты қазақ қашаннан қадірлеп, шаңырақтың төріне іліп қойған. Оның босаға жақта жатуына жол бермейді. Ал ақындар үшін орны тіптен бөлек. Осы орайда жыр алыбы Жамбылдың домбырасы туралы біреу білсе, біреу білмес.
Жыр дүлдүлінің өзі оны былайша жырға қосқан:
«Сия-сауыт қаламсыз,
Ой қозғаған домбыра.
Дәптер-кітап, қағазсыз,
Сөз қозғаған домбыра!»
Жүз жасаған жыр жампозы домбыраны тоқсан жылға жуық қолынан түсірмегені белгілі. Оның ұстаған домбыраларының дәл санын бүгінде ешкім тап басып айта алмас. Дегенмен, өмірінің соңғы он шақты жылында мемлекеттің айрықша қамқорлығында болған абыз ақынның қолы тиген әрбір заты ұқыптап жинақталған. Шабыт шақыра шанағын қағып-қағып жіберіп, жыр нөсерін селдетуіне сеп болған домбыралары «осы күнге жетті ме, болса, қазір қайда?» деген сұрақ туындаса, әрине, оны мұражайдан іздейміз. Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінде ақынның екі домбырасы сақтаулы тұр. Осы орайда аталған музейдің меңгерушісі, әрі ақынның тікелей ұрпағы Салтанат Жамбыловаға хабарласып, жәдігерлердің жайын білдік.
Салтанат Тезекбайқызының айтуынша, мұражай қорындағы материалдық мұралардың әрбірі белгіленген талаптарға сәйкес ұзақ мерзімге сақтауға алынып, бүлінуден қорғау үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. Екі домбыра да келушілер назарында, сөреге қойылған. Бірінші домбыраны ақынға бала кезінде нағашысы Қанадан сыйлаған деген деректер бар. Бұл домбыраға бір жарым ғасырдан астам уақыт өткенімен, қазірге дейін еш өзгеріссіз жақсы сақталған.
Екінші домбыраны 1936 жылы ҚазПИ-дің, яғни қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенттері ақынға
сыйлаған екен. Асыл ағаштан жасалған музыкалық аспаптың бетінде жыр алыбының суреті бейнеленген. Домбыраның ұзындығы – 95 см, шанағының диаметрі – 21 см. Ол домбырасын Жамбыл ақын 1936 жылы Мәскеуге
барған әйгілі сапарында және 1937 жылы Грузия еліне сапарлаған сәттерінде өзімен бірге алып жүрген.
Бала Жамбыл жастайынан шежірешілерді тыңдап, көне тайпалардың шығу тегі, өткен заманның ұлы тұлғалары туралы аңыз-әңгімелерді құлағына құйып өскен. Анасы Ұлданның ақындығы мен әншілігінің, нағашысы Қанаданның өнерпаздығының арқасында Жамбыл он екі жасында домбыра үйреніп, ақындыққа бет бұрады. Сол кезден бастап домбыраны жанына өмір бойы серік еткен. Өзінің бір естелігінде: «Қолыма домбыра тисе еркелігім жайына қалатын, сыңғырлап тұрған домбыра емес, өз жүрегім сияқты сезіледі», – деген екен.
Жамбыл – Жетісудың ақиық ақыны, айтыстың алтын діңгегі саналған Сүйінбай Аронұлының шәкірті. Өнерде өзіне пір тұтқан ұстазына көп жылдар бойы бірге еріп жүріп айтыстарын тыңдап, тәлімін алады.
«Жамбылды байтақ елге танытқан – оның айтыстары екені белгілі. Сара қызбен, Айкүміспен, Бөлекқызы Сайқалмен, Қадырқызы Бұрыммен, Шашубай, Құлмамбет, Досмағамбеттермен айтыстары оның ақындық шеберлігін шыңдап, суырыпсалмалық қасиетін арттыра түскен. Жамбылдың айтыстарында қыз бен жігіт айтысы, қайым айтыс, сүре айтыс, түре айтыстардың түрлері кездеседі. Айтыста жеңілмеген майталман солардың барлығында қолындағы қасиетті қара домбыраға сүйеніп, сөз маржанын терген. Осы күнге дейін Жамбыл атамыздың үш домбырасы сақталған. Оның екеуі өзінің осы музейінде болса, үшінші домбырасы – Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы Халық музыкалық аспаптар музейінде тұр», – дейді Салтанат Жамбылова.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы