Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл тұрғыда үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы қабылданып, ел көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Аманат» партиясы және одан сайланған депутаттар құрылыстың барысын жіті қадағалап, маңызды әлеуметтік нысандарды жиі аралап жүр.
Бірнеше күн бұрын Парламент Мәжілісінің депутаты Максим Рожин Талғар ауданындағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Аймақтағы іргелі өңірлердің бірі саналатын Талғар ауданы бойынша аталмыш ұлттық жоба аясында биыл Талдыбұлақ, Жаңалық, Тұздыбастау, Жалғамыс, Төңкеріс, Қызыл Ту, Айғаным ауылдарында 5 700 оқушыға арналған 7 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Олардың төртеуі – 600, екеуі – 900, біреуі – 1500 орындық орта білім ошақтары. Әртүрлі мекемелер құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан бұл нысандардың барлығында Білім бөлімінің бұйрығымен жауапты тұлға тағайындалып, аудандық мәслихат депутаты, блогер, қоғам белсенділерінен жұмыстың барысын бақылайтын жұмысшы топ құрылған.
Максим Рожин алдымен Талдыбұлақ ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысымен танысты. Бұл білім ошағын салуды «Dial» строй ЖШС қолға алған. Егер барлық жұмыс кестеге сай атқарылатын болса, мектеп құрылысы желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Бірақ құрылысшылар жұмысты 1 қыркүйекке дейін бітіріп, бұл ауылдағы 1 мыңдай бала оқу жылын жаңа да жайлы мектепте бастауы керек деп отыр.
Құрылыс компаниясы директорының орынбасары Бақыт Рымжановтың айтуынша, нысанда қазір 83 адам жұмыс істейді. Мұнда бетон жұмыстары аяқталып, ой-шұңқырларды көму, ауыз су, техникалық су және өрт сөндіру мақсатындағы сақтау қоймалары салынып жатыр. Инженерлік желілер бойынша келісім-шарттар жасалған. Кеңсе техникаларынан басқасының бәрі жергілікті материалдар. Бірақ түйткілдер де жоқ емес. Электр қуаты, ой-шұңқырды көму үшін топырақ жетіспейді. Ал аудандағы 7 топырақ карьерінен сатып алу бағасы тым қымбат. Сондықтан ол Мәжіліс депутатынан осы мәселелерде көмектесуін өтінді. Олар бұл нысанды бұрынғы мердігер мекеме тек шұңқырларды қазып тастап кеткен соң қабылдап, жұмысқа кешеуілдеп кіріскенімен, барлық күшті жұмылдырып, құрылысты мерзімінде аяқтаймыз деп отыр. Мәжіліс депутаты да барлық жайлы мектептердің құрылысын мемлекет бақылап отырғанын, олар Президенттің ерекше назарында екенін ескертіп, құрылысты уақытында аяқтау қажеттігін атап айтты.
Максим Рожинның айтуынша, бүкіл еліміз бойынша үш ауысымда оқуды түгел жою үшін 280 жайлы мектеп салу жоспарланған. Ал 600 орындық осы мектеп 867 оқушының орын тапшылығын түгел шешуі тиіс. Оның үстіне халық саны, соған сәйкес оқушы саны да жылдан-жылға өсіп келеді. Басқаша айтқанда, бұл мектептің пайдалануға берілуі №34 мектептегі үш ауысымда оқудан бас тартуға толық мүмкіндік береді. Мектеп Талдыбұлақ ауылының Жаңа құрылыс аумағында орналасқан және ауыл тұрғындары үшін өте тиімді.
Еліміздің орта және жоғары білім ошақтары үшін түйткілді мәселелердің бірі – жатақхана. Осыған орай Мәжіліс депутаты Талғар агробизнес және менеджмент коллледжінің 112 орындық жатақханасының құрылысымен танысты. Бұл үш қабатты үлкен ғимарат бұрын №49 мектептің оқу корпусы болған. Облыс басшылығы енді қала орталығындағы осы нысанды студент жастар үшін жатақхана ретінде қайта жаңғырту жөнінде шешім қабылдапты. Максим Рожин бастаған делегация нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының барысын өз көздерімен көрді. «Дәулет Серпін» ЖШС-ның құрылыс жұмыстарын жүргізушілері Айман Ордабекова мен Жанат Құлболдин қазір жүргізіліп жатқан жоспарлы жұмыстар мен туындап жатқан кемшіліктер жайында егжей-тегжейлі айтып берді.
Ал М.Бейсебаев атындағы агроколледж директоры Динара Бозымбекова қазіргі кезде колледждің 834 студенті жатақханаға мұқтаж екендігін жеткізді. Көптеген жастар ауылдық жерлерден, облыстың өзге өңірлерінен келетіндігін айтқан ол, колледже жатақхана мәселесі өте өткір екенін айтты. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты да Мемлекет басшысының студент жастар үшін жатақхана салу және оларды орынмен қамтамасыз ету Үкіметтің басты назарындағы бірінші кезектегі мемлекеттік міндет деп атағанын ескертіп, Президенттің бұл тапсырмасы жергілікті жерлерде міндетті түрде орындалуы тиіс деді.
Құрылыс жұмыстарын жүргізушілердің айтуынша, нысанды жаңғырту биыл 13 наурызда басталған және 13 қазанда аяқталуы тиіс. Қазірге дейін шатыр қайта жасалып, ескі сылақтар сырылып, құрылыс қоқыстары шығарылған, элетромонтаждау жұмыстары жүргізілген. Жұмыстың кеш басталуына осы ғимаратта қала басшылығының рұқсатымен уақытша қоныстанған көпбалалы отбасының шықпай қоюы себеп болған. Тек «Дәулет Серпін» ЖСШ басшысы өз қаражаты есебінен жеке үй алып берген соң ғана жұмыс басталған. Оның үстіне бұл ғимаратта учаскелік полиция пункті де орналасқан. Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков Мәжіліс депутынан оларды да басқа жерге орналастыру жөнінде көмек сұрады. Ол тиісті қызметтік хат жазып, хабарласса – көмектесуге әзір екенін жеткізді.
Әрине, қоғам өмірі тек мектеп, орта және жоғары білім, жатақханамен шектелмейді. Халықтың табысын арттыратын, тұрмысын жақсартатын сала – экономика! Жұмыс орындары, өндіріс ошақтары көбейген сайын, оларда сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті өнімдер өндіру молайған сайын тұрғындардың табысы молайып, елдің жағдайы жақсара түседі. Бұл тұрғыда Мәжіліс депутатының ПВХ-профилдер, пластикалық құбырлар мен фиттингтер шығаратын «Keruen Plus» ЖШС-ін барып көруі де ерекше маңызға ие. Бұл компания аудан экономикасына кәдімгідей үлес қосып отырған заманауи кәсіпорын. 2015 жылы іске қосылған жоғарытехнологиялы, жылына 1800 тонна су және жылумен қамтамасыз етуге арналған ППР құбырларын, 1000 тонна жылы едендер шығару қуаттылығына ие бұл зауыт аудандағы ең ірі өндіріс ошақтарының бірі. Мұнда бүгінге дейін 5,7 миллиард теңге инвестиция тартылған. Зауыттың басты ерекшелігі – желілерге берілетін шикізат толықтай автоматтандырылған, адам факторы жоқ. Ол – ПВХ өнімдерінде қорғасынды қолданбайтын Қазақстандағы бірінші зауыт. Өндірістік желілер еуропалық ең соңғы технологиялар бойынша жасалған. «Keruen Plus»-тің техникалық және технологиялық тұрғыда осындай деңдейде жабдықталуы оны Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азияда ұқсас өнім өндірушілер арасында жетекші орынға шығарып отыр. Оның өнімдері қазірдің өзінде Қырғыстан, Өзбекстан, Грузия және Моңғолияға экспортталады. Мұнда қазір ПВХ профилдің 5 желісі, құбырлар шығару бойынша жоғары өнімді 2 желі, құбырларға фитингер қалыптастыратын 5 термопласт автоматтар желісі және терезе ПВХ-ларының 1 желісі бар. Бұл өндіріс қазір ТМД аумағында, келешекте бүкіл әлемге белгілі болатын нағыз қазақстандық бренд.
Кәсіпорын директоры Мұстафа Эроғлы зауыттың барлық цехтарындағы жұмыс желілерін аралатып, шолу экскурсиясын өткізді. Кәсіпорында өндірістік үдерістің ең басында шикізаттан сынама алатын зертхана бар. Одан кейін сапаны қадағалау жүзеге асырылады, тек содан кейін ғана шикізат өндірістік желілерге жіберіледі. Мұнда кадрлық әлеует те өте жоғары. Кез келген өндірістегі сияқты мұнда да шебер, учаске бастығы, инженер, өндіріс бастыығы бар. Зауытта 200-ден аса адам еңбек етеді. Олар үшін барлық жағдай жасалған – асханада үш мезгіл ыстық тамақ беріледі, шешіну, жуыну, демалыс бөлмелері бар. Кәсіпорын әкімшілігі басқа ғимаратта орналасқан. Үздік үлгіде және сауатты ұйымдастырылған менеджмент жоғары сапалы үздік өнім шығаруға толық мүмкіндік береді. Бүгін бұл зауытты көрген адам оның елімізде ешқандай баламасы жоқ нағыз қазақстандық бренд екеніне толық көз жеткізе алады. Ол міне 8 жылдан бері үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Әрине, түйткілдер де жоқ емес, оның ең бастысы – қарапайым жұмысшылар жетіспейді. Жастар 240-250 мың жалақыны місе тұтпайды.
Мәжіліс депутаты Максим Рожин жалпы аудандағы жұмыстардың барысы жаман еместігін айтты. Бірақ, мектептердің құрылысы уақтылы аяқталмай қалу тәуекелін естен шығармау қажеттігін, келісім-шартта көрсетілмеген жұмыстарға қаржы бөлу қиын, тіпті мүмкін емес екенін ескертті. Сондықтан құрылыс компаниялары жергілікті билік орындары, мердігер кәсіпорындар, кәсіпкерлермен бірлесіп, түйткілді мәселелерді өзара бірлесіп, тиімді шешудің маңызды болатынын баса айтты.
Құтмағамбет Қонысбай