Биыл Алматы облысында бұл салық декларациясын өткізу көрсеткіші төмен. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Олжас Отар мәлімдеді.
Олжас Отардың ақпарынша, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың 3-кезеңі басталған. Оның аясында активтер мен міндеттемелер туралы 250.00 нысанындағы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынуға міндетті.
“ҚР барлық азаматтары декларацияны тапсыруға міндетті болады. Жалпыға бірдей декларация – табыстардың ашықтығын қамтамасыз етудің, көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің табиғи барысы. Декларациялау жүйесіне кірген кезде 250.00 нысаны бойынша декларация ұсынылады. Ол бір рет – “кіру” деп аталатын декларация. Ал келесі жылдары 270.00 нысаны бойынша жыл сайынғы декларация ұсынылады”, – деді Олжас Отар
Спикердің сөзінше, облыста аталмыш құжатты тапсыруға міндеттелген 361 мыңнан аса азаматтың тек 58 пайызы өткізіпті. Өңірде декларациялауды толық қамту үшін кірістер департаменті 8 мың 872 түсіндіру жұмысын жүргізген. Соған қарамастан, бұл жұмыс баяулап тұр.
Айта кету керек, декларацияны бірінші рет ұсынбаған жеке тұлға ескерту алады. Ал келесі жылы тапсырмағандарға 15 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады.