Ана мен бала… Өмірдегі ең шынайы әрі шексіз махабатқа толы қарым-қатынас. Анаға баладан, балаға анадан жақын жан жоқ. Әкенің орны бір төбе. Ана мен бала арасындағы қарым-қатынас сипаты бүгінгі заманда да өз құдіретін жоғалтпаған, болашақта да жоғалтпақ емес.
Бүгінгі заман… заманнан көре берудің реті жоқ, заманды қалыптастыратын адам. Соңғы кездері “өз жатырынан шыққан баланы өлтіріпті” деген суыт хабарды жиі еститін болдық. Суыт хабар дегеніміз, жұмсақтау, сұмдық хабар делік. 9 ай құрсақ астында көтеріп, адам шыдағысыз ауыртпалықпен босанып, ана атанып, кішкентай ғана күнәсіз періштені дүниеге әкеліп, өсіріп, өз қолыңмен өлтіруден асқан сорақылық бар ма?!
Елімізде өз перзенттерін о дүниеге аттандырып, артынша өзі ажал құшатын аналардың бір-біріне ұқсас оқиғалары денені түршіктіреді. Бұл сорақылықтың себебі неде? Осыдан біраз уақыт бұрын, жаңа туған шақалақтарды тастап кету немесе өлтіру жағдайлары жаға ұстатқан-тұғын, мұның себебі ақылы толыспаған бойжеткендердің некесіз жүктіліктері деп қарастырдық, сонда да ақтауға келмейтін қылмыс. Ал ақылы толысқан, психикалық ауытқуы жоқ аналардың бауыр еті баласын өлтіруін қалай түсінеміз?! Орын алған қылмыс жайлы естиміз де, себебін нақтылай алмай өз ойымызбен қалып қоямыз.
Иә, өмірде адам баласының өмірі тек бақытқа толы болуы мүмкін емес. Қазіргі тынымсыз тіршілікте адам жүйкесінің түрлі факторлар әсерінен өзгеріске ұшырауы да мүмкін. Демек, аналардың осындай қылмысқа баруының бір себебі- тұрмыстық өмір қиындықтары болуы мүмкін. Бұл ақша мәселесі немесе екінші жартысымен кикілжің болуы мүмкін. Бірақ, бұл балалардың өмірін қиюға себеп бола алмайды. Ана болу – баланың өмір сүруін немесе өлім құшуын шешу емес, баланың жарқын өмір сүруіне ықпал ету. Ана баласы үшін жауапкершілік арқалағанымен, оның жарық дүниеге келген сәтінен бастап, Жаратушының қалауымен жеке адам ретінде өмірге келгенін ұғынуы тиіс.
Ер адамның өз балаларын өлтіргені жайлы сұмдық ақпараттарды сирек естиміз, тіптен өз басым әлі естімеппін. Мұндай сорақылыққа неге көбінесе әйел адамдар бейім?
Бұл әйел адамдардың психологиялық ерекшеліктеріне байланысты болып шықты. “Әйел қырық жанды” деп нәзік жандыларға барша жауапкершілікті артып қоюдың еш реті жоқ. Әсіресе бала мәселесінде.
Дүниеге бала әкелу әйел затына берілген үлкен әрі қиын нығметті міндеттің бірі. Өлімге бел байлай отырып, адам баласына өмір сыйлау – үлкен тәуекел. Босанғанмен барша ауыртпалық бітпейді, баланың күтімі де оңай шаруа емес, ешкімге міндет ете де алмайсың, себебі өз балаң, дегенмен, бұл балаға тек сен жауаптысың деген сөз емес, баланың өмірінде маңызды рөл атқаратын тағы бір жан бар, ол – әкесі. Бүгінгі күні “босанғаннан кейінгі күйзеліс” деген ұғым бар. Бұл кейінгі заманда пайда болған дүние емес, әйелдердің жаратылысынан қалыптасқан күйзеліс. Бір әйелдерде жеңіл, кейбір әйелдерде ауыр түрде өтеді. Бұл оның жақындарының қолдауына байланысты. Қазіргі күні, жасы егде тартқан ана-әжелеріміз “қайдағы депрессия” неше бала туып, депрессия дегенді білмеппіз деуі мүмкін, дегенмен, бұл расымен бар дүние. Тек заманға қарай адамдардың қабылдауы әрқилы.
Егер әйел затына шамадан тыс жауапкершілік жүктеліп, оның нәзік жаратылысы оны көтере алмаса бұл күйзеліс тек босанғандарда ғана емес, барша әйел затында болуы мүмкін.
Психология ғылымында “Медея комплексі” деген ұғым бар екен. Бұл – әйелдің күйеуіне ашуланып, өшін балалардан алу әрекеті. Ғылыми анықтамасы, медея комплексі – әйелдің күйеуінен кек алу үшін өз балаларын өлтіруге деген патологиялық ұмтылысы. Аталған ұғымның өзіндік тарихи оқиғасы да бар деседі. Ежелгі грек мифологиясына сәйкес, Колхида ханшайымы Медея күйеуі Ясонға алтын жүнді қойды иемденуге көмектескен. Әкесінің қаһарынан қорқып, ол Ясонмен бірге Грекияға қашып кетеді. Бірақ Ясон оны алдап, екіншісі әйел алады. Қарсыласын уландырып қана қоймай, Медея Ясоннан кек алу үшін ортақ балаларын өлтірген.
Ананың өз жатырынан шыққан балаларын өлтіруін психология осылай түсіндіреді, бірақ ақтамайды. Адамның күйзеліске түспеуге де мүмкіндігі бар.
Ғылым тілінде күйзелісті – стресс деген ұғыммен түсіндірсе, ислам дінінде – Жаратушының сынағы деп ұғынады. Бұл құбылыстың шешімі – өлім немесе біреулерді өлтіру емес, өз-өзіңмен жұмыс істеп, ішкі жан-дүниеңнің өмірге құлшынысын арттыру.
Өз баласын өлімге қиятын аналардың бір тобы асқан аргессия әсерінен балаларын байқаусызда өлтіріп алғандар болса, келесі тобы, арнайы, тіпті жоспарлап өлтіргендер, артынан өздеріне өздері қол салғандар, мұнда аналарды о дүниеде барша проблемадан аулақ бірге боламыз деген ой билесе керек-ті. Ал балаларын өлтіріп, өздері жер басып жүрген аналардың жазасы – өзегін өртеген мәңгі сағыныш пен өкініш болары хақ.
Жуырда Алматы қаласында 5 жасар қызын тұншықтырып, артынша 54 метр биіктіктегі айналма атракционнан секіріп өлген әйел, екі баласын жоспарлы өлтіріп, артынша қонақ үйден ұсталған Шымкенттік әйел, үш баласымен терезеден секіріп кеткен Бақытгүл, біз естімеген, бейхабар қалған қасіретті оқиғалар қаншама, бұл – ғасыр дерті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, тұрмыс қиындығының нәтижесі.
Ана – қылмыскер емес, қасиетті жан. Ана болу – Алланың үлкен сыйы. Сынақ пен сүрінуден тұратын бұл өмірге біздер өлу үшін келмейміз. Сол себептен сынақтан сүрінбей өтуге қабілетті болайық. Ардақты қыз-келіншектер, қиындықпен және шексіз махабатпен дүниеге әкелген перзенттерімізді өлімге қимақ түгіл, қол ұшын тигізуден сақтанайық. Қылмыстың сан түрі орын алып жатқан мынау заманда, ананың баласын өлтіруі – ұлт қасіреті, әйел затының үлкен тоқырауға ұшырағаның белгісі. Қоғам үшін маңызды дабыл! Өмірге өкпелеп, жанашырдан, жан алғышқа айналмайық!
Ақерке Бижан