Қазақстанда «Ветеринария туралы» алғашқы заң қабылданған күн – 10 шілде – «ветеринария қызметкері күні» болып белгіленді. Осылайша кәсіби мерекелер күнтізбесі жаңа датамен толықты. Осыған орай Еңбекшіқазақ ауданында ветеринария қызметкерлеріне кәсіби мерекеге орай сый-құрмет көрсетілді. Өз ісінің мықтылары марапатталды.
Мал шаруашылығын негізгі кәсіп қылған ата-бабамыз «Малы саудың – жаны сау» деп, ветеринария қызметінің маңызын бағзы заманнан жоғары бағалаған. Кәсіби мереке қарсаңында Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Қ.Ақшабаев ветеринария қызметкерлерін құттықтады. Кәсіби мерекеге орай аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды. Аудан аумағындағы үздік ветеринариялық пункт, үздік ветеринариялық пункт меңгерушісі, үздік ветеринариялық дәрігер, үздік ветеринариялық фельдшер, үздік лаборанттар анықталып, марапатталды. Сонымен қатар Алматы облыстық ветеринариялық станцияның бөлім басшысы Айдос Жүнісов іс-шараға арнайы келді. Алматы облыстық ветеринариялық станциясының басшысы Сабырбек Мұхтардың құттықтауын жеткізіп, аудандағы ветеринарияның дамуына үлкен үлес қосқан қызметкерлерге Алғыс хат тапсырды.
Іс-шара барысында аталған саланың ардагерлері сөз сөйлеп, аудан аумағындағы ветериниариялық қызметтің тарихына және қазіргі жай-күйіне аз-кем тоқталып өтті. Еңбекшіқазақ аудандық ветеринариялық зертханасы 1975 жылы құрылған. Ал Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Еңбекшіқазақ аудандық аумақтық инспекциясы 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Аудан аумағында орналасқан 26 ветеринариялық пункте барлығы 154 маман жергілікті жердегі эпизоотиялық ахуалдың тұрақты болуы үшін қызмет етіп отыр.
Иә, жануарларды аурулардан қорғау және оларды емдеумен айналысып, мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі, биологиялық қауіпсіздік, тамақ қауіпсіздігі сынды жауапкершілігі жоғары жүкті арқалап, аянбай еңбек етіп отырған ветеринария қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. «Медицина адамды емдесе, ветеринария бүкіл адамзатты емдейді» деген бірауыз сөз сала қызметкерлеріне жүктелген міндеттің ауқымын айқындап тұрғандай. Мал дәрiгерлiк қызметтiң маңызды мiндеттерiнiң бiрi – адамдар мен жануарларға ортақ аса қауiптi аурулардың алдын алу, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының сырттан әкелінуінен және таралуынан қорғау. Осындай ауқымды жұмыстың жүйелі жүруінің арқасында тағам қауіпсіздігі сақталып, сапалы сүт пен ет өнімдерін тұтынып отырмыз.
Құралай Мұратқызы